Отырарлықтар жаңа жобаға қатысты ұсыныстарын білдірді
Отырар ауданы, Көкмардан ауылы халқының күнкөрісі ауыл шаруашылығымен байланысты. Кезекті ақпараттық жұмыс барысында ауыл тұрғыны Б.Мырзахметов «Ауыл аманаты» жобасына қатысу үшін шаруа қожалықтарын да енгізуді ұсынды. Ал жеке қатысушыларға табысын арттыруға үлкен мүмкіндік деп санайды. Бүгінгі кездесуге тұрғындар белсене қатысып, өздерін алаңдатқан сұрақтарға жауап алды.
Жоба сарапшылары түсіндіру кезінде бағдарламаның негізгі мақсатын айта келе, шаруа қожалықтары жобаға қатыса алмағанымен несиеге қол жеткізудің өзге де оңтайлы тәсілдері бар екенін жеткізді. Аудандағы кезекті кездесу Шәуілдір ауылында жалғасын тапты. Жиынды жүргізген аудандық мәслихат хатшысы М.Манапов:
- Ауданда кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтарының саны 4000-ға жуық. Тұрғындардың көбі мал шаруашылығымен айналысады. Осы бағдарламаға азаматтар қатысып, қызығушылық танытса әлеуметтік-экономикалық жағдай көтеріледі деп ойлаймын. Бүгін халыққа бизнес құрудың жаңа бағыттары кеңірек насихатталды. Бұл бағдарлама өз кәсібін ашамын деген тұлғаларға үміт сыйлады. Қойылған сұрақтарға бизнес-тренерлер жан-жақты жауап беріп, халық тілінде түсіндіре білді. Сол себепті де тұрғындардыі қызығушылығы оянды. Енді ізденіс пен құлшыныс арқылы нәтижеге жету жолы қалды - деді мәслихат хатшысы.
Мобильді топ мүшелері жергілікті тұрғындардың ұсыныстарын назарға алды. Осылайша жаңа жоба халықтың талап-тілегі аясында келер жылы іске қосылады. Ақпараттық марафон Арыс қаласында жалғасады.