Жолдардың сапасы тексерілуде

Oinet.kz 25-07-2022 577

Screenshot_5.png

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 3 наурыздағы №826 "Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы" Жарлыққа қол қойып, Барлық деңгейдегі әкімдер жыл бойы халықпен кездесулер өткізсін, олардың барысында халықты толғандыратын әлеуметтік мәселелерге баса назар аудара отырып, Қазақстанды жаңғыртудың жаңа бағдарының негізгі бағыттары туралы хабардар етсін және проблемалық мәселелерді шешудің жолдары мен мерзімдерін түсіндірсін",- деп нақты тапсырма берген болатын. 

Осы ретте Келес ауданының әкімі Ақментай Есбаев аудан тұрғындарымен кездесіп, өзекті мәселелерді талқылауда. Кездесу барысында тұрғындар тарапы аудан аумағында жүзеге асып жатқан инфрақұрылым жұмыстарының сапасына сын айтты. Айтылған мәселені назарға алған аудан басшысы тиісті бөлімге салынып жатқан жолдарға сараптама жүргізуді тапсырған болатын. 

Берілген тапсырма аясында Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы Түркістан филиалының қызметкерлері трассаларда арнайы құрал-жабдықтардың көмегімен Келес ауданындағы жолдарға бақылау шараларын жүргізді. 

Мамандар аудан аумағындағы биыл жөндеуден өткен ішкі көшелерде болып, жиек тастары мен асфальтбетон қабатын тексерді. Атап айтқанда Ошақты ауылдық округіндегі Ошақты – 2 көшесінде болған Ұлттық сапа орталығының мамандары арнайы құрылғылар арқылы жолдың сапасын, сметалық құжаттамаға сәйкес салынғанын тексерді. Мамандардың айтуынша Ошақты-2 көшесіне салынған асфальт жабындысының қалыңдығы сметалық құжаттамаға сәйкес келген.  Енді оның құрамына, нығыздылығына сараптама жасалып, нәтижесін аудандық ТҮКШ және АЖ бөліміне ұсынатын болады. Осы секілді аудандағы барлық жолдардың сапасына сараптама жүргізіледі.  

Айта кетейік, биыл Келес ауданында 104 шақырымды құрайтын 69 көшеге жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бүгінде мемлекеттік сатып алу конкурсы арқылы жеңімпаз мердігерлер анықталып, жоспарлы жұмыстар жүзеге асырылуда. 

Қордаланған мәселелер шешімін табуда
Бірліктің 4 ауылына газ беріледі
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу