Көксарайдағы игілікті істер жалғасын табады
Мемлекет басшысы Қасым-ЖомартТоқаевтың наурыздағы Жарлығы бойынша әкімдер халықпен кездесіп тұруы керек. Осы орайда 2022 жылдың 8 сәуір күні аудан әкімінің Көксарай ауыл округі тұрғындарымен өткен кездесу жиынында 11 мәселе көтеріліп, бақылауға алынған болатын. Бүгінде аталған мәселелердің 4-еуі оң шешімін тауып, қалған 7 мәселе заңдылығы аясында орындалу үстінде.
Бұл туралы бүгін түс ауа көксарайлықтармен өткен кезекті кездесуде аудан әкімі Сәкен Сұлтанханов атап өтті.
«Өздеріңізге белгілі өткен сәуір, мамыр, маусым айларында аймақтағы барлық ауыл округтердің тұрғындарымен кездесу жиынын өткізіп, әрбір елді мекеннің өзекті мәселелерін тыңдаған болатынмын. Кездесу нәтижесінде аудан бойынша 95 мәселе көтеріліп, күн тәртібіне енгізілді. Тұрғындардың көпшілігінің көтерген мәселесі ауыз су, ағын су, жайылым жер мәселесі, табиғи газ, жол жөндеу, мектеп, балабақша, емхана, спорт және ойын алаңшаларын салу, интернет желісі, аяқжол, жарықтандыру, абаттандыру және тағы да басқа мәселелер болып отыр. Соның ішінде Көксарай ауылында 11 мәселе көтеріліп, күн тәртібіне енгізілді»-деді аудан әкімі өз сөзінде.
Айта кету керек бұған дейінгі кездесуде Көксарай ауылының тұрғындары Мырзапейіс Жолбарысхан, Сейтжанов Әбдіжалел, Сеңгірбеков Қалықұл, Мырзатаев Темірхан, Ташов Сәуірхан секілді азаматтардың өтініштеріне байланысты Көксарай ауыл округінің «Әбілдә» насос станциясы (2 дана) шаруаларға сенімгерлік басқаруға берілген, яғни шаруалар өз қаражаты есебінен насостарды жөндеуі тиіс еді. Дегенмен, 2022 жылдың 11 мамыр күні «Заречное» БК-ның демеушілігімен насостар жөнделіп, пайдалануға берілді. Сонымен қатар Сеңгірбек көшесі бойындағы көпірдің 12 метр жақтауы (перила) да демеушілер арқылы орнатылып берілді. «Ветеринариялық қызмет» ШЖҚ МКК-ның жоспарына сәйкес 13 ауыл округінде иесіз жүрген қаңғыбас ит-мысықтар күнделікті ауланып жойылса, Сырдария өзенінен бастау алатын Көксарай, Есіркеп, Маяқұм каналдарында бас тоспа болмауына орай тасқын суды бөгеу және елді мекендерді қорғау мақсатында әр жылдың қараша айының 15-нен бастап наурыз айына дейін каналдың басы топырақпен бекітіліп келді. «Осы биылдан бастап көктем-күзде аталған каналдардың арнасы ашық болады»,-деп айтып өтті аудан әкімі.
Қосымша ауыл округінде аудан бюджеті есебінен Ызакөл елді мекеніндегі Тәуелсіздік көшесінің 1,3 шақырымына тас төселіп, Көксарай ауылындағы 1,2 шақырым болатын Нұр көшесі асфальтануда, алдағы уақытта Бейбітшілік көшесіне тас төсеу жоспарда бар. Мұнан бөлек елді мекендердегі көшелерді жарықтандыру мақсатында жергілікті тиісті қаржы қаралып, Көксарай, Асылбеков, Қазыбек-би көшелерінің жарықтандыру құралдары ауыстырылды. «Көксарай» каналының 1 шақырым бөлігі де механикалық тазалаудан өткізілді. Сондай-ақ, өзекті мәселе болып табылатын Көксарай ауыл округі бойынша ауыз сумен қамтылмаған 2 елді мекен бар, Олар:Ызакөл, Жанкел ауылдары. Қазіргі таңда Ызакөл, Жанкел елді мекендеріне жобалық сметалық құжаттама дайындалып, сараптама қорытындылары алынған. 2022-2023 жылдары жүзеге асыру жоспарлануда.
Өздеріңізге белгілі, жергілікті жерден шыққан кәсіпкер Оразхан Жанысбековтың демеушілігімен Көксарай ауылының орталық көшесі бойына 3600 түп түрлі ағаш көшеттер егіліп, айналасы толық қоршалды, тамшылатып суғару жүйесімен бапталатын болады.
Кездесуде ауыл тұрғындары ауыз су, жайылымдық жер, жұмыссыздық мәселелері бойынша сауалдарын қойып, мамандар тарапынан тұщымды жауаптар алды. Ал, жеке мәселелері бойынша аудан әкімінің жеке қабылдауында өз өтініштерін айтқан тұрғындарға заңдылығына қарай жауапты мамандар тарапынан нақты жауаптар берілді.