Көксарайдағы игілікті істер жалғасын табады
08-07-2022
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев барлық деңгейдегі әкімдерге халықпен тұрақты түрде жиі-жиі кездесіп, олардың талап-тілектері мен мұң-мұқтаждарын мүмкіндігінше жедел шешіп отыруды міндеттегіні белгілі.
Отырар ауданы тұрғындарымен кездесуге келген Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевке ауыл тұрғыны балалық шағында ата - анасымен бірге түскен суретін сыйлады. Ол осылайша әке аманатын орындағанын айтты.
Жаңа форматта, ашық аспан астында өткен кездесу кезінде аудан тұрғындары өңір басшысымен тілдесіп, сауалдарын қойды. Отырардың өзекті мәселелерін жақсы білетінін айтқан облыс әкімі тұрғындардың барлық сұрақтарына жауап берді.
— Бүгін өздеріңізбен жүздесіп, аудандағы көкейкесті мәселелерді бірге талқылап, оның шешу жолдарын қарастыру үшін кездесуге келіп отырмын. Заман талабына сай әлеуметтік бағдары бар нарықтық экономиканы құру және дамыту бағытындағы жұмыстар жалғасады. Шағын бизнестен көп үміт күтеміз. Облысымыздың халқы өте еңбекқор. Соның нәтижесінде шағын кәсіпкерлік бойынша көш басында келеміз. Өңірімізде жеке кәсіпкерлерді қолдауға күш салынады. Әрине бизнес бастау оңай шаруа емес. Креативті экономика деген бар. Жоқ жерден, ойламаған жерден кәсіп түрлері ашылып жатыр. Өңірде шағын кәсіпкерлер саны артып келеді. Осы бағыттан таймауымыз керек, — деді облыс әкімі.
Сонымен бірге облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев аудан тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдап, ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Түркістан-Отырар жолының құрылысы келесі жылы аяқталып, ауданда ардагерлерге арналған орталық ашылады.
Отырар ауданында шағын бизнес субъектілері саны артқан. Бизнес бастаудың қыр-сырымен бөліскен Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев мемлекеттік бағдарлама арқылы қаражат алып, кәсіп ашқан отырарлықтармен кездесті. Олар қымыз, көкөніс, көрпе - төсек, қыш құмыра, темір, тігін шеберханасы, керамика өнімдерін жасау, бөдене шаруашылығын дамытуды қолға алған. Облыс әкімі жаңа кәсіп ашқан азаматтардың ұсыныс - тілектерін тыңдап, істеріне сәттілік тіледі.
Отырар ауданы, Қоғам ауылына газ келді. Ұзындығы 25 шақырымнан асатын газ құбыры арқылы 2 мыңға жуық халық табиғи газбен қамтылатын болды. Сондай-ақ 29 тұрмыстық- коммуналдық нысандар толығымен газдандырылды.
Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Отырар ауданына іссапарында аймақтың тыныс-тіршілігімен танысты.
2018 жылы Отырар ауданындағы елді мекендерді газдандыру бойынша жоспарлы жұмыстар басталып, бүгінгі таңда 7 елдімекен тұрғындары табиғи газбен қамтылды. Бүгінде 20-дан астам елді мекенде газ тарату жүйесі жүріп жатыр. Қарқынды жұмыстар нәтижесінде Отырар ауданының 70 пайызы газбен қамтылатын болады.
Отырар ауданында 55 мыңға жуық халық тұрады. Өткен жылы өнеркәсіп өнімінің көлемі 15 млрд. теңгеге жеткен.
Инвестиция көлемі 17 млрд. теңгені құрап, 154%-ға артқан. Егіс көлемі 35 мың гектарға жеткен. 200 га жуық жерден бірінші өнім жинау күтілуде. 17 мың шаршы метр тұрғын үй берілді. «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында ауылды жерлерге газ беріліп, Балтакөл елді мекенінде мәдениет үйі салынды. Маяқұм елді мекеніндегі мектеп күрделі жөндеуден өткізіліп,
Отырар елді мекеніндегі дәрігерлік амбулатория күрделі жөндеуден өткізілді. Биыл да жұмыстар жалғасады.