Жүйелі жұмыс жалғасын табады

Oinet.kz 14-06-2022 358

Screenshot_7.jpg

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев барлық деңгейдегі әкімдерге халықпен тұрақты түрде жиі-жиі кездесіп, олардың талап-тілектері мен мұң-мұқтаждарын мүмкіндігінше жедел шешіп отыруды міндеттегіні белгілі.

Республика Президентінің осындай талап-тапсырмасына сәйкес аудан көлеміндегі он екі ауыл округіндегі мән-жайлармен жан-жақты қаныққан аудан әкімі Сәкен Сұлтанхановтың кезекті кездесуі бүгін Шәуілдір ауыл округінде өтті. Киелі ауданымызда осы уақытқа дейінгі жүзеге асырылып, атқарылған ауқымды жұмыстар бейнебаян арқылы таныстырылған соң аудан басшысы мінбеге көтеріліп, алдағы уақытта атқарылатын толымды тірліктерді сала-сала бойынша жан-жақты жіліктеп баяндады.

Кезек сұрақтар қойылып, оған тиянақты да нақты жауаптар қайтарылу кезеңіне келгенде киелі ауданымыздың орталығы әрі өзге ауыл округтерімен салыстырғанда халқының саны да көп болып келетін Шәуілдірдегі жиында сөз алып, өтініш, талап-тілектерін білдіргісі келетін сөйлеушілер аз болмады. Әрине, өмір болған соң, тұрғындардың күнделікті тіршілігінде игілігін көріп, пайдаланғысы келетін бүгінгі заман жетістіктері арта түскен сайын өтініш, мәселе, талап-тілектердің де көбейе беретіні табиғи заңдылық. Олай болса кездесу жиынның Мемлекет басшысының жергілікті жерлердегі тікелей өкілдері болып саналатын әкімдерге тұрғындар тарапынан әралуан ұсыныс-пікірлерін айтып, жеткізулер арқылы өтетіні даусыз шындық. Олардың қай-қайсысын болса да негізсіз, орынсыз дей алмаймыз.

Кездесу жиынында сөз алып, өздерінің көкейлеріндегі ой-пікірлерін ашық айтқан Жұмахан Әбдіқадыров, Есенгелді Диханбай, Аралбай Асан, Мәрия Белгібай, Есен Түкібаев, Дина Төлегенова, Бейбіт Барлыбаев, Пердехан Жаппарқұлов, Нұрлыхан Әжімұратов, Таңат Әбікеев секілді азаматтар ауылда жайылымдық жерлердің тым тапшы екендігін, аудан орталығының тұрғындары табиғи көгілдір отынның игілігін қашан көретіндігін мәселе ретінде көтеріп, өз көшелерінің жөнделіп, аяқжолдар салынып, жарықтандырылса, көше бойлары мен каналдар талапқа сай тазаланып, халыққа қажетті ағын су берілсе, әлеуметтік қамқорлықты ауадай қажет ететін мүгедек жандар жанашырлық көзқарас, қамқор пейілдерден тыс қалмаса екен деген сияқты өтініш, тілектерін жеткізіп, оларға тұщымды жауаптар алды.

Кездесуден соң аудан басшысы тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, өтініштерін тыңдады. Жеке қабылдауда айтылған өтініштерге жеке-жеке тоқталып жауап  берген әкім заң аясында оң шешімін табуға қолдау білдіретінін жеткізіп тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.

Балтакөлдіктер әкімге ұсыныстары мен шағымдарын жеткізді
Облыс әкімі отырарлықтардың хал-жағдайымен танысты
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу