Созақта сыбайлас жемқорлықпен күреске қатысты кездесу өтті
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев БАҚ-қа берген сұхбатында: "Сыбайлас жемқорлық - өте күрделі құбылыс. Былай айтқанда дерт деп те айтуға болады. Батпандап кіретін, мысқалдап шығатын кесел. Сондықтан бұл дертпен міндетті түрде бәріміз қоғам боп күресуіміз керек. Әйтпесе кеш болып қалуы мүмкін. Сыбайлас жемқорлықтың кесірінен алып мемлекеттер, ірі мемлекеттер құлағанын бәріміз білеміз, куә болдық", - деген болатын. Мемлекет басшысы сыбайлас жемқорлықпкен күресті күшейту керектігін нақтылаған еді.
Осы орайда бүгін Созақ ауданында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты насихаттау мақсатында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс - қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің Превенция басқармасының басшысы Ержан Жүнісов, аталған департаментінің Превенция басқармасының аға офицері Гүлжамал Қансеитова, бас маманы Гүлмира Төлегенқызы және Түркістан - адалдық алаңы жобалық кеісе жетекшісі, қоғам белсендісі Н.Абуова арнайы жұмыс сапарымен келіп, аудан аумағындағы мемлекеттік мекеме қызметкерлерімен және үкіметтік емес ұйымдармен, мектеп директорлары мен балабақша меңгерушілерімен, құқық қорғау органдары мен кіріс басқармасының қызметкерлерімен, әлеуметтік және санитарлық эпидемиологиялық басқармасының мамандарымен, кәсіпкерлермен және ауыл тұрғындарымен, аудан жастарымен, квазимемлекеттік сектор субъектілерімен кездесіп, ақпараттық-түсіндіру шараларын өткізді. Аталған кездесу жиындарына аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Мұрат Сапаров қатысты.
Агенттік өкілдері ағымдағы жылдың үш ай қорытындысымен орын алған қылмыстарға тоқталып, әртүрлі саладағы туындайтын сыбайлас жемқорлыққа қарсы адалдық қағидаларын қалыптастыру мәселелері және сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейту, оның алдын алу жұмыстарының тиімділігін арттыру жөнінде баяндама жасап, еркін форматта әңгіме өрбітті. Департаменттің арнайы дайындалған бейнеролигі көрсетілді.
Өз кезегінде Ержан Әліұлы жемқорлықтың алдын алудағы насихаттық жұмыстар оң әсер беретінін, қоғамдық сананы жаңғыртуда адалдық, адамгершілік қағидаттарын сіңіру қажеттігін айрықша атап өтті.
Сонымен қатар, кездесулер барысында жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың тиімді құралдарының бірі азаматтарды жемқорлық туралы хабарлағаны үшін көтермелеу институты жайында ақпарат берілді.
Мемлекеттік қызметшілермен өткен кездесуді қорытындылаған аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков ауданға арнайы келіп, қоғамның дертіне айналған сыбайлас-жемқорлықты жоюға бағытталған шараларды насихаттаған Ержан Әліұлы мен топ мүшелеріне алғысын білдіріп, мемлекет мүддесі жолындағы қызметтеріне сәттілік тіледі.