Созақ әкімі Құмкент ауылының халқымен кездесті
Биылдан бастап Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен әкімдердің тұрғындармен кездесу мерзімдері мен өткізілу форматы өзгертілген болатын. Жарлықта әкім кездесуінің регламенті де нақтылана түскен. Енді аймақ басшысы жоспарланған уақыттың "төрттен бірден аспайтын бөлігін" баяндама оқуға арнайды, ал қалған уақытты "сұрақ-жауап" форматында өткізеді. Бұл үшін әкім алдын ала жергілікті қоғам өкілдерінен "халықтың сұрауы мен ұсыныстарын жинау жөнінде комиссия" құрады.
Бүгін аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков Қызылкөл елді мекенінде тұрғындарымен кездесті. Мұхтар Әуезов атындағы білім ордасының ауласында өткен кездесуде, аудан басшысы атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап, алдағы жоспарларды бөлісті. Кездесу барысында елді мекен тұрғындары интернет желісінің нашарлығына тоқталып, оны шешуді ұсынды. Мұхтар Әуезов атындағы білім ордасына шеберхана салынып берілсе деген талаптарын жеткізді. Аудан басшысы білім ордасының шеберханасын салу үшін сметалық жобалау құжаты облыстық басқармаға ұсынылған. Интернет желесі үшін ұялы операторларға хат жолданғанына тоқталды.
Кездесу белгіленген кестеге сай Құмкент ауыл округінде жалғасты. Ауыл тұрғындары тарапынан электр бағаналарының нашарлығын, электр қуатының төмендігін көтерді. Сондай-ақ жайылымдық жер, ауыз су мәселесі мен жарықтандыру мәселесі туралы сауалдарын қойды. Аудан әкімі Мұхит Сексенбайұлы тұрғындар қойған сауалға жауап беріп, тиісті бөлім, мекеме басшыларына және ауыл әкіміне тапсырма берді. «Өзіміздің тарапымыздан шешілетін мәселені аяғына дейін жеткіземіз. Басқада ұсыныстарыңызды тиісті жерде көтереміз»,- деді аудан басшысы.