Шөкеев Түрікстанды көгалдандыруда көзбояшылыққа төзбейді
Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев жауапты сала басшыларымен бірге облыс орталығындағы абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарының барысын бақылады. Өңір басшысы қаладағы Ясауи көшесінің бойындағы желілік саябақ құрылысымен танысып, аталған жұмысқа, көгандандыру ісіне жауапты мердігер мекемелердің басшыларымен кездесті.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлауынша, бекітілген жоспарға сәйкес жалпы ауданы 11 гектарды құрайтын демалыс аймағы құрылысының бірінші кезеңі қараша айына дейін аяқталуы тиіс. Саябаққа демалушылар мен серуендеушілерге ыңғайлы, туристердің тіге бүгіп бір сәт отыруына қолайлы тиісті талаптарға сай жаңа орындықтар, заманауи саппалы диодты шамдар орнату көзделген. Бүгінде мұнда көшеттер, гүлдер отырғызылып, айнала толығымен көгалдандырылып, абаттандыру жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр.
Түркістан қаласын көгалдандыру аясында облыс орталығының жасыл белдеу аумағын ұлғайтып, суару жүйесі жетілдіру жұмыстары атқарылуда. Бұл бағытта жүзеге асқан тірліктердің барысымен танысқан облыс әкімі осыған жауапты басшылардың жұмысына көңілі толмайтынын ашып айтты. Жайбасарлықтан жұмыстың оңбайтынын айтып, көзбояушылыққа барғандарды қатаң сынға алды.
– Бұл жерге мен келетін болмасам, осы саябаққа, көгалдандыру жұмыстарына өздеріңіз жауапты болсаңыздар да келмейсіздер. Өткенде бұған дейін аралау кезінде көрген, кеткен кемшіліктер түзетілмей әлі де сол күйі тұр. Ешқандай алға басу көріп тұрғаным жоқ. Мен келеді дегенде 5-6 адам шақырып алып, көзбояушылық жасайсыздар. Бұлай болмайды! – деді облыс әкімі.