Түркістан облысында асыл тұқымды «Ангус» көбейіп келеді
Түркістан облысы Төлеби ауданы Балдыберек ауылының тұрғыны Бегман Апашев асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды қолға алды. Субсидия алып мал шаруашлығымен айналысқан кәсіпкер кәсібінің өрісін кеңейтуді көздейді. Бұл туралы Түркістан облысы әкімі аппаратының баспасөз қызметі хабарлады.
Балдыберек ауылының тұрғыны Бегман Апашев бұған дейін де күн көрудің, жан бағудың қамымен отбасын асырау, жетілдіру мақсатында түрлі жұмыстарды істеп те көргенін айтады. Өзінің ебін, қолынан келетін ісін тапқан ол ақырында асыл тұқымды ірі қараның «Ангус» түрін бағып, санын көбейтіп, мал шаруашылығымен айналысуға тоқтаған. Мемлекеттен берілетін субсидияны тиімді пайдаланып, асыл тұқымды сиыр сатып алған. Қазіргі таңда, еткен еңбектің арқасында мал басы санын 90-ға жеткізіп отыр.
– Елімізде мал шаруашылығын дамытуға көптеп көңіл бөлініп жатқанын бұрын көп естіп жүретінмін. Сосын осы шаруамен неге айналыспасқа деген ой келіп, әрекеттің арқасында арманымды іске асыра бастадым. Қазір жеке айналысатын ісім, табыс көзім бар. Мүмкіндік болса тағы қосымша мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге берілетін көмекті ала отырып, кәсібімнің өрісін кеңейтсем деген мақсатым бар, – деді қожалық иесі Бегман Апашев.
Шаруа биыл белгілі себептермен субсидияға қол жеткізе алмаған. Алайда, келер жылы қолдауға ие болатынына сенімді.