Түркістан облысының кәсіпкері 20 отбасыға көмектесті
Түркістан облысы, Бәйдібек ауданының азаматы, кәсіпкер Сәбит Молдабеков жаңа оқу жылы қарсаңында Борлысай ауылдық округіне қарасты Қошқарата, Кеңсай елді мекендеріндегі тұрмыс жағдайы төмен 20 отбасының балаларына арнап мектепке қажетті оқу құралдарын сыйлады. Жерлестеріне қол ұшын созған азамат Борлысай ауылдық округінде туылған. Қазіргі таңда Алматы қаласында тұратын кәсіпкер өзі туып-өскен ауыл-аймаққа игілікті іс жасап жүрген азаматтардың бірі.
Ол жыл сайын өзінің туған жері Борлысай ауылдық округіндегі тұрмысы төмен отбасыларға демеушілік жасап, көмек қолын созып, қолдау білдіріп келеді. Туған жерінен жырақта жүрсе де, жерлестерін ұмытпай, әрдайым демеушілік жасап, Борлысай ауылдық округінің дамуына өз үлесін қосып отырған азамат Сәбит Молдабековке жерлестерінің алғысы шексіз.
Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігімен "Менің Атамекенім" ҚБ арасында мұқтаж отбасыларға көмек жинау туралы жасалған келісім аясында аtamekenim.kz порталы арқылы жыл бойынғы форматқа көшірілді.
Бүгінгі таңда, облыс бойынша аталған порталға мұқтаж отбасы балаларының ата-аналары өзінің өтінімдерін қалдыра алады. Ол үшін ата-ана аtamekenim.kz порталына кіріп, баласының ЖСН тіркеу арқылы тізімге енеді.
Аtamekenim.kz порталы ашықтық пен мұқтаж отбасыларымен қайырымдылық жасаушылар арасында тікелей байланысты қамтамасыз етеді.
Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 25 қаңтардағы №64 Қаулысына сәйкес, әлеуметтік пакет жиынтығын алуға тиісті атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылар қатарындағы 6-18 жас аралығындағы білім беру ұйымдарында оқитын балаларға, 1 рет оқу құралдары мен киім-кешектер мемлекеттік сатып алу ережесіне сәйкес ұйымдастырылады.