Тұрғындар онлайн санақтан өтуде
Ордабасы ауданы әкімінің орынбасары Азат Оралбаевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы халқының ұлттық санағын өткізу жұмыстары жөнінде кеңес отырысы өтті. Бұл туралы Ордабасы ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Жиынға аудандық Статистика басқармасының басшысы, ауыл әкімдері мен білім беру, денсаулық сақтау мекемелерінің жауаптылары қатысты.
Күн тәртібінде 1 қыркүйек пен 15 қазан аралығында www.sanaq.gov.kz сайты арқылы өтетін онлайн санаққа тұрғындарды қатыстыру, техникалық базаның жұмысын жүйелеу, арнайы кеңес беретін орындар ұйымдастыру жайы сөз болды.
Аудандық Статистика басқармасының басшысы Манзура Шәмшидинованың айтуынша, 10 ауылдық округ, статистика басқармасы, халыққа қызмет көрсету орталығы, аудандық аурухананың ішінде санақ бұрыштары ашылған.
Бүгінгі таңда әрбір мекеме өздеріне бекітілген жауапты мамандардың көмегімен санаққа онлайн түрде қатысуда.
Алда 144 сұхбатшы 1 қазаннан бастап әрбір үйге барып, сұхбат жұмыстарын жүргізеді.
Айта кетері, . Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 11 қазандағы №1049 ұлттық санақтарды жүргізу қағидасы мен мерзімдерін бекіту туралы қаулысына сәйкес Қазақстан Республикасының барлық аумағында халық санағы «Қазақстанда әркім маңызды» деген ұранмен жүргізіледі. Аудан әкімінің 2021 жылғы 9 наурыздағы № 224 Өкімімен халықтың Ұлттық санағына жәрдемдесу жөніндегі аудандық комиссия құрылған. Онда ауыл округ әкімдері, жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдар мен мемлекеттік мекемелердің басшылары (келісім бойынша) аудандағы биылғы халықтың Ұлттық санағына дайындық жұмыстарын ұйымдастыруға және өткізуге көмек көрсету жүктелген.