Мемлекет есебінен спорттың 71 түрі қаржыландырылады
Өткен жылдың соңында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев балаларға спорттық секциялар мен шығармашылық үйірмелерге тегін қатысуға мүмкіндік беретін «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет, дене шынықтыру және спорт мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойған болатын. Әрбір балаға шығындарды төлеуді көздейтін қаржыландырудың жаңа әдісі елімізде 1 мамырдан бастап енгізілуде. Заң Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саиннің бастамасымен әзірленген еді.
Президенттің тапсырмасына сай Шымкент қаласында балалар спорт секцияларын жан басына қаржыландыру енгізілді. Бұл тапсырыс аясында, кәсіпкерлер мемлекет есебінен спорттың 71 түрі бойынша қаржыландырылып, 4 жастан 18 жасқа дейінгі балалар өздерінің таңдауы бойынша спорт секцияларында тегін жаттыға алады.
Осылайша енді шымкентік балалар мемлекеттік бюджет есебінен спорттық секциялар мен шығармашылық үйірмелерге тегін баруға мүмкіндік алып отыр.
Секцияға немесе үйірмеге бару үшін электронды кезекке тұру керек. Кезекте тұрған балаларды кейіннен бөлу үшін мұнда бос орындардың бар-жоғы туралы деректер қалыптастырылатын болады.
Кезек үйірменің әр түріне бөлек қалыптасады. Тізімге ену үшін баланың заңды өкілі өтініш бере алады. Нақты үйірмені немесе секцияны белгілеу қажет.
Орындарды бөлу және ваучерлерді беру оператордың жүйесімен автоматты режимде күн сайын жүргізілетін болады.
Егер мемлекеттік тапсырыс бойынша жұмыс жасағыңыз келсе жеткізушілер тізіліміне қосылу үшін https://artsport.edu.kz порталына тіркелу қажет.