Өнеркәсіп өнімінің көлемі артып отыр
Ағымдағы жылдың қаңтар-мамыр айларында өнеркәсіп өнімінің көлемі 295 млрд. теңгені құрап, өткен жылғы тиісті кезеңімен салыстырғанда 10,1 пайызға артқан. Ал өңдеу өнеркәсібінде 251 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, он пайызға өсті. Өнеркәсіп – қала экономикасының негізгі құраушы саласы. Жалпы өңірлік өнімдегі үлесі – 24,6 пайызды құрады. Мұндай мәліметтерді Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Президент жанындағы орталық коммуникациялық қызмет алаңында өткен баспасөз брифингінде айтты. Жиында шаһар басшысы қаланың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін мәлімдеді.
Қала әкімінің айтуынша Шымкенттің үш индустриалды аймағында алғашқы бес айда 1,8 млрд. теңгеге 274 жұмыс орнымен төрт жоба жүзеге асырылған. Осы жылдың соңына дейін инвестиция көлемі 38,1 млрд.теңгеге 754 жұмыс орны құрылып, 13 жоба іске қосылады.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Халыққа арнаған Жолдауында өңдеу өнеркәсібін алдағы бес жылда кем дегенде бір жарым есеге өсіруді тапсырды. Осы мақсатта Шымкентте бірнеше бастама қолға алынған.
Атап айтсақ, солардың бірі – «Жұлдыз» индустриалды аймағы. Қазіргі таңда мұнда инфрақұрылымын қалыптастыру жұмыстары басталып кетті. 306 гектар жер аймақта құрылыс, металлургия, фармацевтика, жиһаз өнеркәсібі дамитын болады. 200 млрд.теңгеге бес мыңнан астам жұмыс орнымен 50 инвестициялық жобаны іске асыру көзделуде.
Одан бөлек, жеке индустриалды аймақтарды ашу бойынша да жұмыстар жүріп жатыр.