Үш жылда инвестиция 1,2 трлн.теңгеден асқан.
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы Әйтенов Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы "Орталық коммуникациялар қызметінде" тікелей эфирде пресс конференция өткізді.
Шаһар басшысы «Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында Шымкент қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы» баяндады.
«Үш жыл бұрын Елбасының Жарлығымен Шымкентке республикалық қала мәртебесі берілді. Бұл тарихи шешім Шымкенттің тынысын ашты»,- деді өз сөзінде Мұрат Дүйсенбекұлы.
Қала әкімінің айтуынша жалпы мегаполисте үш жылдық инвестиция 1,2 трлн.теңгеден асқан. Осы аралықта қала бюджеті 131,2 млрд.теңгеден биыл 481,6 млрд.теңгеге жетеді деп күтілуде, яғни өсім 3,7 есе болмақ. Инвестиция көлемі соңғы үш жылда 1,9 есеге өсіп, 214 млрд теңгеден биыл 400 млрд теңгеге жетеді деп жоспарлануда. Яғни бүгінде қалаға инвестиция салуға ниетті инвесторлар көбейіп отыр. Өнеркәсіп өнім көлемі 425 млрд.теңге болса, жыл соңында 710 млрд.теңге болады деп күтілуде.
Шаһар басшысы сондай-ақ қалада тұрғын үй құрылысы қызып тұрғанын жеткізді. Айталық үш жыл бұрын 402,5 мың шаршы метр тұрғын үй берілсе, биыл бір миллионға жеткізу жоспарланып отырған көрінеді.
Сонымен қатар қала әкімі жол құрылысына да ерекше мән беріліп отырғанын айтты. Мәлімет бойынша соңғы үш жылда, биылды қосып есептесек, 853,5 шақырым жол төселіпті. Бұрын мұнша көлемдегі жол 10 жылда салынған екен.