«iKomek»-тің көмегі көп болды
Мемлекет басшысының «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес, Шымкент қаласында өткен жылдың 26 маусымында «109» желісі арқылы «iKomek» байланыс орталығы ашылған болатын. Тәулігіне 24 сағат демалыссыз қызмет ететін Орталық азаматтардың өтініші бойынша әлеуметтік мәселелерді шұғыл шешумен айналысады. Бір жылда 150 мыңнан астам өтініш келіп түскен. Оның 98 пайызы бүгінгі күнге шешілген.
Одан бөлек, қала әкімі бастаған басшылық құрам апта сайын әлеуметтік желілер мен ақпарат құралдары арқылы тікелей эфирге шығып, халық сұрағына жауап беріп отырады.
Сондай-ақ биылдан бастап президент тапсырмасына сәйкес қаладағы 4 ауданға «Халық қатысатын бюджет» жобасы енгізілді. Жоба пилоттық режимде осыған дейін Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында жүзеге асырылған еді. Жалпы жобаны жүзеге асырудың 3 кезеңі бар. Біріншіден, сайт арқылы тұрғындардан ұсыныстар жинақталады. Яғни, тұрғындар аудан әкімі аппараты құзыретіне кіретін салалалар бойынша талап-ұсыныстарын жіберуіне мүмкіндігі бар. Аумақты көгалдандыру, аяқжолдарды жайластыру, пандустарды, арықтарды салу және жөндеу, т.б., мәселелер бойынша ұсына алады. Жобаға ауданда тіркелген кез келген азамат қатыса алады. Жобаның талаптарына сәйкес, екі апта ішінде жинақталған ұсыныстар аудан әкімдігі тарапынан құрылған Сараптамалық кеңеске ұсынылады. Сараптамалық кеңес жобалар тізбесін іріктеп, дауыс беру үшін сайтқа орналастырады.
Айта кетейік, қаланың кез келген тұрғыны «электрондық үкіметтің» веб-порталына кіріп, өз ұсыныстарын қалдырып, кері жауап алу мүмкіндігі бар.