Шардараны шартарапқа танытқан саңлақтар
Шардара ауданының әкімі Қайрат Жолдыбай қолкүресінен әлем чемпиондарын қабылдады. Бұл турпалы Шардара ауданы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Айта кетсек, ағымдағы жылдың 30 мамыр күні Шардара қаласында Шардара және Әлем құрамасы арасында қолкүресінен үлкен сайыс өтіп, жерлестеріміз бірде-бір қарсыласқа мүмкіндік бермей айқын басымдықпен жеңген болатын.
Аудан басшысы сол жарысқа қатысып, бүкіл әлемге еліміздің атын, оның ішінде Шардараны шартарапқа танытып жүрген "Шардара армспорт" клубының спортшыларына ерекше алғыс білдірген болатын.
Міне бүгін аудан әкімі сол жарыста еліміздің намысын қорғаған Нұрдаулет Айдархан, Талғат Ақтаев, Қаржау Есболат, Нұрмахан Ердаулет және Қадір Нұрдаулет сынды жерлестерімізді жеке қабылдап, оларға ерекше ризашылығын білдіріп, алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табыстады.
"Сіздерді Шардара қаласында армрестлинг спортынан Шардара және Әлем құрамасы арасындағы жарыста , еліміздің намысын қорғап, жеңіс тұғырына көтеріліп жеңімпаз болуларыңызбен шын жүректен құттықтай отырып, шынайы алғысымды білдіремін. Бойларыңыздағы қайсар мінез бен жалынды жігердің арқасында мұнан бұрын да жеңіс тұғырына көтеріліп, Шардара ауданында армрестлинг спортының дамуына белсенді түрде атсалысып, Тәуелсіз Қазақстанның абыройын асқақтатып келе жатқан ерен еңбектеріңіз бүгінгі жас ұрпаққа үлгі - өнеге болып қала бермек. Салауатты өмір салтын ұстанып, халықтың көз қуанышына айналып отырған ұландарымыздың қатары арта берсін. Шардаралық спортшылардың жеңісті жолдары бұдан әрі де жалғасын таба береді деп сенемін. Сіздерге зор денсаулық, отбасыларңызға амандық, алдағы уақытта әрдайым абырой биігінен көріне берулеріңізді тілеймін"- деді аудан басшысы.