Дала өрттеріне дайындық пысықталды
Түлкібас ауданы әкімдігі жанынан құрылған төтенше жағдайларды алдын алу комиссиясының ұйытқы болуымен орман және дала өрттерін сөндіру бойынша өзара іс-қимылы жөніндегі тактикалық оқу жаттығу өткізілді. Бұл туралы Түлкібас ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Елді мекендерден алшақ аумақта өткізілген шараға аудан әкімі Нұрлан Байғұт, «Ақсу Жабағылы» мемлекеттік қорығы мен «Сайрам-Өгем» ұлттық паркінің басшылығы мен ұжымы, аудандық Төтенше жағдайлар бөлімі мен №1 өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері, ауылдық округ кент әкімдері мен ерікті өрт сөндірушілер қатысты.
Шара табиғи апаттың алдын алу мақсатында ұйымдастырылды. Сценарий бойынша қураған ағаштар мен бұталардың жануы орын алды. Тактикалық жаттығу табиғи апатты жою алгоритміне сәйкес жүргізілді. Оқу жаттығу барысында белгіленген алгоритмге сәйкес жауапты мекемелер мен ауыл әкімдіктеріндегі ерікті өрт сөндірушілер дабыл соққысынан кейін өрт орын алған аймаққа жиналып, тілсіз жау шарпыған Жабағылы ауылының маңындағы алқапта іс жүзінде өрт сөндіру жұмыстарын іске асырды.
Маңызды шараға 25 түрлі техника мен 200-ге жуық адам қатысты.
Шара соңында аудан әкімі Нұрлан Мархабатұлы биылғы жауын-шашынның аз түсуі және аңызақ желдің тұруы орман-далада өрттің туындау қауіпін жоғарлататының айтып, оны алдын алуға барынша дайын болу керектігін атап өтті. Сонымен қатар, оқу жаттығуына қатысқан барша мекеме қызметкерлері мен еріктілерге алғысын білдіріп, тілсіз жаудан барынша қорғанып жүруге шақырды.