Баспаналы болғандар көбеюде
Жыл сайын халық саны өсіп келе жатқан Шымкент қаласында тұрғындарды баспанамен қамту қарқынды жүргізіліп келеді. Мамандардың дерегіне сүйенсек 2019 жылы шаһарда тұрғын үй алу тізімінде 40 516 азамат тіркеліп, «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында сатып алу құқығынсыз арендалық тұрғын үйге 540 отбасы қол жеткізген.
Ал былтыр тұрғын үй алу тізімінде тіркелгендер саны – 42 269 азаматты құраған. Өткен жылы 1596 пәтер азаматтарға сатып алу құқығынсыз арендалық ретінде берілсе, кредиттік тұрғын үй бағытында 2614 әлеуметтік несиелендіру шарты негізінде тұрғын үймен қамтылған.
Биылғы жылы 43 906 азаматтұрғын үй алу тізімінде тіркелген. Бұл көрсеткіш өткен жылдың 1 тоқсанымен салыстырғанда екі есеге артқан. Жыл басынан бері 976 отбасыны арендалық пәтермен қамту жоспарланып, жұмыс істейтін жастарға 300 пәтер, жетім балаларға 10 пәтер, көпбалалы отбасыларға 106 пәтер, халықтың әлеуметтік әлсіз тобына 45 пәтер кілті табысталған. Сонымен қатар екінші деңгейлі банктер тарапынан 613 азамат 8 186,3 млн теңгеге несиелендіріліп, тұрғын үймен қамтылды. Ал ағымдағы жылдың соңына дейін кезекте тұрған азаматтарды тұрғынжаймен қамтамасыз ету үшін 1 580 пәтер сатып алу жоспарлануда дейді сала мамандары.
Келесі комиссия отырысы ағымдағы жылдың мамыр айында өтеді дейді салаға жауаптылар. Соңғы жылдары тұрғын үй құрылысы жұмыстары қарқын алып, кезекте тұрған азаматтарға қолданысқа беріліп жатқан пәтерлердің саны артып келеді. Бұл өз кезегінде тұрғын үй кезегінің едәуір жылдам жылжуына оң әсерін беруде. Алдағы уақытта мегаполис тұрғындарын баспанамен қамту мақсатында қала әкімінің тапсырмасына сәйкес 1 млн шаршы метрге жеткізу көзделген.