Cенат депутаттары Шымқалада

Oinet.kz 05-05-2021 678

Screenshot_4.png

ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Айгүл Қапбарова мен Нұрлан Бекназаров Шымкент қаласына жұмыс сапарымен келіп, қаладағы бірқатар нысандарды аралады.  Депутаттар алдымен Тұран шағынауданындағы көпқабатты тұрғын үй құрылысымен және бас жоспарға сәйкес инженерлік жүйелермен танысты. Сенат депутатары бұған дейін аталған шағынаудан тұрғындарынан тұрғын үй сапасына қатысты бірқатар арыз-шағымдар түскендігін назарға ала отырып, сала мамандары мен мердігер компания құрылысшыларына бірқатар сауалдар қойды. 

–Миллионды қала атанғалы тұрғын үйге сұраныс артып келеді. 42 мыңнан астам адам үй кезегінде тұр. Оның ішінде көпбалалы отбасылар мен әлеуметтік осал топтың баспаналы болуы алаңдатады. Шаһар басшылығының 2021 жылы 500-ден астам көпбалалы отбасыға, 600-ден астам әлеуметтік осал топқа пәтер беріледі деген уәдесін алдық. Яғни, биыл 1000-нан астам пәтер кілті тапсырылады. Пандемияға қарамастан Шымкент қаласында құрылыстың қарқыны тоқтаған жоқ. Ипотекалық үйлердің саны көбейген. Құрылысшылармен кездесіп, сапаға мән беруін тапсырдық. Тұрғындар айтқан олқылықтардың бәрі жойылыпты, - деді Айгүл Жарылқасынқызы. 

Одан кейін жұмыс тобы «Әл-Фараби» атындағы жеке мектепке табан тіреді. Естеріңізде болса, Шымкенттегі «Оңтүстік қабылдау үйі» мейрамханасы алғашқылардың бірі болып осы жылдың басында жеке меншік мектепке айналған еді. Мұнда қазір 1300 бала білім алып жатыр.

Парламент депутаттарына қаладағы білім беру ұйымдарының ахуалын баяндаған білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева биыл 32 мектептің құрылысы басталғанын тілге тиек етті. 

–Шаһарда 35 жекеменшік мектеп бар болса, оның 29-ы ақысыз оқытуда. Яғни, жан басына қаржыландырумен білім беріп жатыр. Қалған 6-ы ақылы. Олардың қосымша ақылы білім ұсынып, ақысын көбейтуге мүмкіндігі есебінен сабақты түс қайта ұзарту мүмкіндігін жасап отыр. 

Бұдан бөлек, 14 үш ауысымды, 1 апатты мектеп бар. 32 мектептің құрылысы жүргізілуде. Оның 20-сы пайдалануға берілді. Төртеуі мемлекеттің, қалған 16-сы инвесторлардың есебінен салынып жатыр. Алдағы бес жылдықта жаңадан 72 мектеп салып, 68 500 орынмен толықтыруды жоспарлап отырмыз. Ал мектебі жоқ елдімекен саны 13-тен 11-ге түседі деп отырмыз, - деді Ж.Тәжиева. 

Осы орайда басқарма басшысы Сенат депутаттарына мынадай ұсыныс-уәжін де келтіре кетті. «Үкімет бекіткен №64 қаулыға сәйкес «мемлекеттік білім ұйымдарының балалары ыстық тамақпен 1 рет қамтамасыз етіледі» деген жолдағы «мемлекеттік» деген сөзін алып тастаса, жеке меншік мектептегі балалар да ыстық тамақпен қамтамасыз етілген болар еді» деп айтты Жанат Арысбекқызы. 

Жұмыс тобы ат басын бұрған үшінші нысан №2 қалалық ауруханаға болды. Ауруханада жөндеу жұмыстары былтырғы жылдың тамыз айында басталған-ды. Енді мекеме толықтай жөнделіп, қала тұрғындарының игілігіне берілгенін көзбен көріп, бағасын берді.

Қаламызда ашылған инсульт орталығы осы №2 қалалық ауруханада. Ал жүрек-қан тамырлары ауруларын дер кезінде, еш қиындықсыз анықтайтын ангиограф аппараты Қазақстан бойынша тек осы ауруханада бар екен. 

–Ангиограф – соңғы заманауи аппарат. Бағасы да қымбат, 800 миллион тұратын құрылғы күн сайын қаншама шымкенттіктің өмірін инсульттан сақтап қалуда. Әр түрлі позицияда түсіретін «Аполло»рентген аппараты да еліміз бойынша бізде ғана бар. Бұл құрылғылардың бәрі де мемлекеттің медициналық сақтандыру бағдарламасы бойынша тегін қызмет көрсетеді, - деді қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бақытжан Позилов. 

–Қаладағы екінші ауруханада былтыр тамыз айында болғанбыз. Ол кезде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан болатын. Қазір толық іске қосылғанына көзіміз жетті. Көптеген медициналық аппараттары да жаңартылыпты. Денсаулық сақтау басқармасы басшысы 3 жаңа заманауи аппарат: ангиограф, КТ, рентгенді бізге көрсетті. Инсульт орталығы халық денсаулығын жақсартуға, ауру-сырқаудың алдын алуға қызмет етіп жатыр. Мұның бәрі қала тұрғындарына ауадай қажет нәрсе деп есептейміз, - деді Нұрлан Құдиярұлы сөз соңында.


Баспаналы болғандар көбеюде
Әкім тұрғын үй сертификаттарын бермек
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу