21 мыңнан астам тұрғын сапалы жарыққа қол жеткізеді
Шымкент қаласындағы 81 тұрғын алабтың 65-і сапалы электр қуатымен қамтылған. Биыл мамандар тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасы аясында он тұрғын алабында электр желілерінің құрылысы пайдалануға беріліп, 21 мыңнан астам адам сапалы электрмен қамтамасыз етіледі дейді. Осылайша қамту көрсеткішін 97 пайызға жеткізу жоспарланып отырған көрінеді. Бұл жұмыстарға республикалық және жергілікті бюджеттен 12 миллиард теңге қаржы қаралған.
Осы жылы яғни, қаладағы Ақжар, Жалын, Достық, Жаңаталап, Қайнар бұлақ, Солтүстік саяжай, Ынтымақ, Айкөл, Игілік және Тәуелсіздікке 20 жыл тұрғын алабтарында электр желісінің құрылысы жүргізіледі. Сонымен бірге қуаттылығы 220 кВ «Бозарық» қосалқы станциясы мен әрқайсысының қуаты 110 кВ болатын «Ақжар» және «1-М-1» қосалқы станциялары салынуда. Қаланы үздіксіз электр энергиясымен қамту мақсатында 2022-2025 жылдары 4 қосалқы станциясын салу жоспарланған. Оның ішінде 110 кВ «Ынтымақ», әрқайсысы 220 кВ «Қызылсу», «Южный» және «ВЛ» қосалқы санциясын салу мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында қарастырылып отыр. Осылайша, 2025 жылы қала тұрғындарын жүз пайыз сапалы электр қуатымен қамту көзделуде.
Айта кетейік, өткен жылдың қорытындысы бойынша 13 елді мекенде орамішілік электр желілерінің құрылысы аяқталып, 23 мыңға жуық тұрғын сапалы электр энергиясымен қамтамасыз етілген болатын. Осылайша қамту көрсеткіші 93%-дан 95%-ға дейін өсіп еді.