Түркістанда туристер қазба жұмыстарын жүргізе алады
Түркістан қаласындағы Күлтөбе қалажұртында кез келген азамат тәжірибелі мамандардың басшылығымен бір сағатқа археолог болып, қазба жұмыстарын жүргізе алады. Түркістан қаласы әкімдігі мен Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институтының қолдауымен іске асқан аталған бастаманы алғаш болып қала әкімі Рашид Аюпов бастады.
Ол археологтармен бірге, Еуразиялық Топтың (ERG) қолдауымен жүзеге асырылған "Күлтөбе қалажұртының тарихи нысандарын қалпына келтіру" жобасымен танысты. Жұмыс барысы кезінде қала әкімдігі қаражаты есебінен Күлтөбе қалажұртын абаттандыру, сондай-ақ, туристік маршрутты үйлестіру мәселелері талқыланды.
Жалпы, қазіргі уақытта нысанға барып, жұмыс барысымен танысуға болады. Жақын уақытта экскурсия жүргізетін гидтер тарихи орындар туралы толық экскурсиялар жүргізеді. Ал, бір сағат археолог болу үшін қай күндері, қай уақытта келуі қажет, өзімен бірге қандай құжат ала келуі керек, тағы басқа да сауалдар бойынша арнайы кесте әзірленуде. Жуық арада жарияланатын болады.