Қауымдастықтың миссиясы – кіші кәсіпкерлерді қолдау
Бүгін Түркістан облысы әкімінің орынбасары Мейіржан Мырзалиев пен Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы директоры Тимур Нақыпбеков өңірлік коммуникациялар қызметінде өткізген брифингте Түркістан қаласындағы креативті индустрия қауымдастығының жұмысын таныстырды. Сонымен қатар, бұл таныстырылымға онлайн форматта «FUTURK» Түркі тілдес елдерінің креативті индустрия қауымдастығының төрайымы Эльмира Сәрсеналиева да қатысты.
– Мемлекет басшысы айтқанындай, Түркістан – тек мәдениеттің ғана емес, экономиканың да өзегіне айналуы тиіс. Осы мақсатта қауымдастық құрылып отыр. Аталған алаңда алдағы уақытта түркі халықтарының кәсіпкерлері тәжірибе алмасады. Бұл – түркі тілдес елдердің талантты жастарына қолдау көрсететін ұйым болмақ. Қауымдастықтың миссиясы – түркі халықтарына ортақ мәдени, туристік, ақпараттық орта қалыптастыру. Бастысы, шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау, – деді Эльмира Әлімжанқызы.
Брифингте Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы директоры Тимур Нақыпбеков жастарды қолдауға арналған жобалармен таныстырды.
– Облысымызда креативті жастарды, жобаларды қолдау бойынша облыс әкімдігімен бірлесе бірнеше жобалар жүзеге асырып жатырмыз. Мәселен, бастауыш және кіші кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған "Кәсіпкерлік Қырандары" жобасы бар. Елімізде алғаш рет бастау алған жоба өңіріміздің ірі, орта кәсіпкерлерінің инвестицияларын және микробизнесті, креативті жастарымызды, стартаперлерді, "Бастау Бизнес" түлектерін нақты қолдауға бағытталған. Креативті жас кәсіпкерлеріміз инвестиция және менторлар үшін күресте өздерінің бизнес-идеяларын таныстырып, нәтижесінде 8 жоба таңдалған болатын. Осылайша, кретивті жобаларды қолдап, дамыту - олардың шығармашылық қуатын оятуға мүмкіндік беретін өңіріміздің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға жасалған маңызды қадам деп есептеймін, – деді Тимур Арсенұлы.