Апта сайын азық-түлік жәрмеңкесі ұйымдастырылады
Облыс әкімінің орынбасары Мейіржан Мырзалиевтің төрағалығымен өткен мәжіліске ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер, сауда үйлерінің иелері, наубайхана, базарлардың басшылары қатысты. Жиында жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына қойылған шекті бағалар бірқатар аудан, қалаларда өскені айтылды.
Ауыл шаруашылығы басқармасының басшылығы жұмыртқа өндіруші кәсіпорынның бірі – Кентау қаласына қарасты «Яссы құс» ЖШС-і жыл басында С1 санатты тауық жұмыртқасын 1 данасын 44 теңгеден босатса, бүгінгі таңда бағасы 38 теңгеге төмендегенін мәлімдеді. Бұдан бөлек, жуық арада қажетті 350 тоннадан астам күнбағыс майы тұрақтандыру қорына сатып алу жұмыстары жүргізіліп жатқаны айтылды.
Облыс әкімінің орынбасары бағаны тұрақтандыру мақсатында «Айналмалы схема» аясында несиелендіру жұмыстарының тым баяу жүргізіліп жатқанын айтты. Сонымен қатар, тауарлық интервенция жүргізу, Тұрақтандыру қорында азық-түлік тауарларының қорын қалыптастыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жеткіліксіз екенін ескертті. Осыған орай, «Айналмалы схема» аясында сауда үйлері мен тауар өндірушілерге несие беру мәселесін одан әрі пысықтауды, апта сайын тұрақты түрде ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесін ұйымдастыруды, азық-түлік тауарларының бағасын негізсіз көтерген өндіруші кәсіпорындар мен жеткізіп беруші кәсіпкерлер бойынша нақты жұмыстар атқару туралы тиісті тапсырмалар берді.