Түркістанның жасы үш мың жыл!

Oinet.kz 05-04-2021 418

абатконф.jpg

Қазба жұмыстары барысында Түркістан жерінде біздің дәуірімізге дейінгі XVI-XIV ғасырларға тән қоныстың пайда болуының дәлелдері табылды.  Бұл туралы Түркістан қаласының әкімі Рашид Аюпов биыл Еуразия Дүниежүзілік мұрасы қалалары қатарына ресми түрде қабылданып, мүше болған Түркістан шаһарында өткен ұйымның X мерейтойлық конференциясында хабарлады.

– Биыл Түркістанның жасына қатысты сенсациялық жаңалық ашылды. 2020 жылы біз "Түркістан қалашығының стратиграфиясы" жобасын қолға алдық, оның аясында Ежелгі қаланың археологиялық кешендері қаралды. Қазба жұмыстары барысында Түркістан жерінде біздің дәуірімізге дейінгі XVI-XIV ғасырларға тән қоныстың пайда болуының дәлелдері табылды. Қаланың оңтүстік шетінде орналасқан Шербай қорымынан табылған қола дәуірінің кешені Түркістанның жасын үш мың жыл деп анықтады, – деген Рашид Абатұлы Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында өтіп жатқан конференцияның маңызы зор екенін атап айтып, қызығушылық танытып шетелдерден келген қонақтарға алғыс білдірді.

конфт.jpg

Дүниежүзілік мұра қалалары ұйымының (ДМҚҰ) серіктестігі шеңберінде ұйымдастырылған конференцияға тарихи-мәдени құндылықтарды сақтауда озық тәжірибелі Иран, Ресей, Сербия, Түркия, Польша, Греция, Индонезия, Германия, Марокко, Албания, Қырғызстан, Өзбекстан және Қытай сынды әлемнің 23 елінен 50-ден астам қаланың өкілдері қатысты.

Онлайн-конференция аясында ежелгі мұра мен мәдениетті сақтау, туризмді дамыту, қаланы дұрыс жоспарлау және абаттандыру, жаңа құрылыстар салу жағдайында оның тарихи тартымдылығын сақтау мәселелері талқыланды.

Өз сөзінде Түркістан қаласының әкімі Рашид Аюпов туризмді дамыту (бірлескен туристік турларды құру, тікелей әуе қатынасын ұлғайту), виртуалды туризм (бірлескен виртуалды 3D-турлар, ақпараттық қолдау), жастарды тегін оқыту бойынша алмасу (туризм және мәдениет саласында оқитын студенттермен тәжірибе алмасу) және гуманитарлық көмек сияқты дүниежүзілік мұра қалаларын ұйымдастыруға қатысушы елдер арасындағы ынтымақтастық салаларын кеңейту туралы бастама көтерді. Бұл бастаманы ДМҚҰ Еуразия бойынша Өңірлік үйлестірушісі - Расих Сагитов та, ДМҚҰ барлық мүшелері де қолдады.

Іс-шара қорытындысы бойынша Еуразияның Дүниежүзілік мұра қалалары ұйымының X халықаралық конференциясының декларациясы қабылданды.

Жалпы, аталған ұйым 1993 жылы 8 қыркүйекте Фес қаласында (Марокко) құрылған болатын. Ұйым Дүниежүзілік мұра объектісін қалалық басқаруға қатысты барлық мәселелер бойынша ұжымдық кеңес болып табылады және өз аумағында ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұра тізіміне енгізілген 300-ден астам қалалармен байланысады. Бұл қалалардың барлығында жалпы 164 миллионнан астам адам тұрады.

Дүниежүзілік мұра қалалары ұйымы (ДМҚҰ) мүше қалаларға ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұра тізіміне енгізудің нақты талаптарына сәйкес бейімделуге және оларды басқару әдістерін жетілдіруге көмек көрсетеді.


Түркістан дәрігерлері ана мен баланы екі отамен аман алып қалды
Шөкеев бақылаған "Тұран" "Қайсармен" ұпай бөлісті
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу