Түркістан дәрігерлері ана мен баланы екі отамен аман алып қалды
Түркістан облысының дәрігерлері бір мезетте екі күрделі ота жасап, ананы да, балаланы да аман алып қалды. Бұл туралы облыстық Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысының орынбасары Нұрхан Нарымбетова хабарлады.
Нұрхан Мәдәліқызының айтуынша, Түркістан облыстық клиникалық ауруханасының дәрігерлері ауыр халде жеткізілген 23 жастағы жүкті әйелге бір мезетте екі ота жасауға мәжбүр болған. Ана мен нәрестенің өмірін аман алып қалу үшін алдымен оны кесарь тілігімен босандырып алған. Кейін сол жақ бауырын қаптаған құрттан лапаротомия әдісі арқылы тазалаған.
– Ота шұғыл диагностикалық, лабораториялық және салалық дәрігерлердің тексеруінен соң жасалынды. Эхинококты кистасы жарылу қаупінен, ана мен бала өмірі қыл үстінде тұрған. Қазір сәби мен ананың өміріне қауіп төніп тұрған жоқ, – дейп хирургия бөлімінің меңгерушісі Мақсұт Аймағанбетов Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысының орынбасары таратқан мәліметті тарқатып айтып берді.
Бүгінде ана мен баланың денсаулығы бір қалыпты. Жақында ауруханадан үйіне шығарылды.
Облыстық аурухана тұрғындар қажеттілігін қамтамасыздандыруға жеткілікті мамандармен және медицина құралдарымен жабдықталған. Жалпы, жыл басынан бері ауруханада 3501 күрделі операция жасалды. Өткен жылы клиникалық ауруханасының базасында 12 мыңға жуық ота сәтті аяқталған.