Түркістандықтар солтүстікке көш бастайды

Oinet.kz 31-03-2021 388

зум1.jpg

Солтүстік өңірлерге қоныстанғандар саны бойынша Түркістан облысының Жетісай, Мақтаарал, Сарыағаш, Келес, Қазығұрт, Сайрам аудандары мен Арыс қаласы көш бастап тұр. Бұл туралы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Нұрашов «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалының мәжіліс залында еңбек күші жетіспейтін Солтүстік өңірлеріне халқы тығыз орналасқан Оңтүстік өңірінен тұрғындарды көшіру мәселесі талқыланған жиында мәлімдеді.

«Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, облыстық мәслихат депутаты Бейсенбай Тәжібаев төрағалық еткен Zoom жүйесі арқылы өткен жиынға Түркістан, СҚО, ШҚО, Қостанай мен Павлодар облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармаларының басшылары мен жауапты өкілдері, Түркістан облыстық мәслихатының депутаттары, жұмыспен қамту бөлімдерінің басшылары қатысты.

Көші-қон саласына үлес қосып жүрген белсенді азамат «Евроремонт сервис» ЖШС-ның директоры Жаңабай Ағабеков «Қоныстанушылардың несие қарызына 6 айға дейін каникул берілсе, өңірлердің ерекшелігімен таныстыратын бейімдеу орталықтары ашылса, әр ауылға кем дегенде 5-10 отбасыны бірге қоныстандырса, көш жанданар еді. Қазірдің өзінде Түркістан облысынан көшуге ниет білдіріп отырған азаматтар жетерлік», – деді.

Егер Солтүстікке қоныс аударсаңыз «Еңбек» бағдарламасы шеңберінде отбасының әрбір мүшесіне 35 АЕК (102 095 теңге) мөлшерінде материалдық қолдау көрсетіледі. Сондай-ақ он екі ай ішінде тұрғын үйді жалдау бойынша шығыстарды өтеуге субсидия қаралған. Қалаға қоныс аударған бір адам 20 АЕК (58 340 теңге) мөлшерінде көмек алса, отбасы мүшелерінің саны екеуден төртеуге дейін болса, 25 АЕК (72 925 теңге) мөлшерінде пәтерақыға көмек беріледі. Ауылдық жерге қоныс аударған бір адам үшін 15 АЕК (43 755 теңге) мөлшерінде пәтерақы берілсе, отбасы мүшелерінің саны екеуден төртеуге дейін болған кезде 18 АЕК (52 506 теңге) мөлшерінде қолдауға ие болады.


Түркістан облысының тұрғындары солтүстікті дамытуға атсалысады
Түркістан облысында көшкісі келетіндерге көмектесетін кеңселер ашылады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу