Түркістан облысының тұрғындары солтүстікті дамытуға атсалысады

Oinet.kz 31-03-2021 415

зум.jpg

Жыл басынан бері Түркістан облысынан 36 отбасы, 117 адам елдің солтүстігіне қоныс аударған. Жалпы бес жыл ішінде Түркістан өңірінен көшкендердің 2286-сы жұмысқа қабілетті болса, оның 1545-і тұрақты жұмыспен қамтылған. Бұл туралы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Нұрашов «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалының мәжіліс залында еңбек күші жетіспейтін Солтүстік өңірлеріне халқы тығыз орналасқан Оңтүстік өңірінен тұрғындарды көшіру мәселесі талқыланған жиында мәлімдеді. Оның айтуынша, «Еңбек» бағдарламасы бойынша солтүстүкке қоныс аударушылардың 30 пайызы Түркістан облысының тұрғындары.

Zoom жүйесі арқылы өткен жиынға Түркістан, СҚО, ШҚО, Қостанай мен Павлодар облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармаларының басшылары мен жауапты өкілдері, Түркістан облыстық мәслихатының депутаттары, жұмыспен қамту бөлімдерінің басшылары қатысты. Мәжілістің модераторы – «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, облыстық мәслихат депутаты Бейсенбай Тәжібаев көші-қон саласы стратегиялық маңызы бар мәселе екенін атап өтті.

– «Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасында облыс тұрғындарының әл-ауқатын көтеру көзделген. Бұл ретте өңір тұрғындарын жұмыс орындары көп Солтүстік өңірлерге көшуіне қолдау көрсету арқылы еңбек ресурстарын тиімді үйлестіруге мүмкіндік мол. «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы жүзеге асқан 5 жылда ШҚО, СҚО, Павлодар және Қостанай облыстарына 20 мыңнан астам адам қоныс аударған болса, оның 6 мыңдайы немесе 1700-дей отбасы – Түркістан облысының тұрғындары. Біз көшуге ниет білдірген азаматтарға көмектесу, осы бағытта ақпараттық және түсіндірме жұмыстарын жүргізуді жандандыруымыз керек. Әрбір азамат Солтүстікке қалай көшу керектігін, оларға мемлекеттен қандай қолдау болатынын білуі тиіс, – деді Б.Тәжібаев.


Түркістан облысының мектептері онлайн да, офлайн да оқытады
Түркістандықтар солтүстікке көш бастайды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу