Түркістан облысында үнемді, 2-3 есе өнмді жобалар жүзеге аырылуда
Биыл Түркістан облысында «Бір алқаптан жылына 2-3 өнім алу» бағытында 6 мың гектар алқапта 2 мың 760 жобаны жүзеге асыру басталды. Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкіметтің селекторлық отырысында айтты.
Көктемгі дала жұмыстарының барысы туралы баяндаған облыс басшысы былтыр 2 мыңдай жоба жүзеге асырылып, 262 мың тоннадан астам өнім өндірілгенін жеткізді. Нәтижесінде қосымша 18,4 млрд. теңгенің өнімі шығарылды. Осы жобаның тиімділігіне орай, ағымдағы жылы бір алқаптан жылына 2-3 өнім алуды ұлғайту жалғастырылуда.
– Сондай-ақ, жеке қосалқы шаруашылықтарға тамшылатып суғару технологиясын ендіру арқылы ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру жобасы қолға алынды. Нәтижесінде 286 жоба жүзеге асырылып, әр отбасы 1 млн. теңгеден табыс тапты. Оның ішінде «Еңбек» бағдарламасымен жаңа бизнес-идеяларды іске асыру мемлекеттік гранты есебінен 105 жоба қаржыландырылды. Ағымдағы жылы 300 жоба жүзеге асыру жоспарлануда. Облыста жылыжайлар көлемін 1 400 гектарға ұлғайту көзделуде, – деді Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев.
Сонымен қатар, Түркістан облысында қарқынды бау шаруашылығы кеңінен дамып, көлемі 3 мың гектардан асты. Бір мың гектардан асатын алқапқа қосымша отырғызылмақ. Су үнемдеу технологиялары 24,1 мың гектарға ендіріліп, 10,2 мың гектарға ендіру жұмыстары жүргізілуде. Осы орайда, «Түркістан қаласы аумағында азық-түлік белдеуін қалыптасыру» жобасы аясында 11 мың гектарға жаңбырлатып суару технологиясын ендіру көзделіп отыр. Қазіргі таңда азық-түлік белдеуінде 1,6 мың гектарға 33 жаңбырлатып суғару машиналары орнатылып екі өнім алынуда. Тәжірибе технологияның тиімділігін көрсетті. Дақыл түріне қарай ағын суды 2-3 есеге үнемдеп, өнімділікті 2-3 есеге артты.