Түркістан облысында көктемгі дала жұмыстары мерзімінде аяқталады
«Көктемгі дала жұмыстарын мерзімінде аяқтаймыз». Қазақстан Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкіметтің селекторлық отырысында көктемгі дала жұмыстарының барысы туралы баяндаған Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев осылай деді.
Биыл Түркістан облысында егіс көлемін 843,4 мың гектарға орналастыру межеленіп отыр. Егістікті әртараптандыруға сәйкес, өткен жылмен салыстырғанда картоп, көкөніс, бақша дақылдарының егіс көлемі 5,3 мың гектарға артып, 125,5 мың гектарға жетті. Майлы дақылдар 9,2 мың гектарға артып, 92,7 мың гектар, мал азықтық дақылдар 2,9 мың гектарға артып, 215,6 мың гектарға орналастырылады.
– Көктемгі дала жұмыстарын мерзімінде аяқтауға толық мүмкіндік бар. Биылғы жылдың өнімі үшін егілген 177,6 мың гектар күздік бидайдың жағдайы жақсы, үстеп қоректендіру жұмыстары басталды. Көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге қолда бар 21,4 мың дана ауыл шаруашылығы техникаларының 92 пайызы дайын. Бүгінгі күнге жоспарланған жаздық егістіктің (506,0 мың га.) 59,3 мың гектары егілді немесе 12 пайызға орындалды. Агроқұрылымдар жаздық дақылдардың тұқымымен толық қамтамасыз етілген, – деді Өмірзақ Шөкеев.
Көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге 37 мың тонна жанармай бөлінді. «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамы тарапынан несиелендіруге 4,5 млрд. теңге қаржы бөлініп, оның 3 млрд. теңгесіне өтінім түсіп, мақұлданды. Бұдан бөлек, өсімдік шаруашылығын қолдауға 7,4 млрд. теңге бағытталып отыр.