Қоғамдық көлік жүргізушілері оқытылуда
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасында қоғамдық көліктердің сапасы, қауіпсіздігі мен қатар көлік жүргізушілерінің мәдениетін көтеру мәселесі де қамтылған. Осы ретте Шымкент қаласында қоғамдық көлік жүргізушілерінің мәдениеті мен біліктілігін арттыратын жоба қолға алынды. Қоғамдық көлік жүргізушілерін қайта даярлаудан өткізетін оқу орталығы биыл 2 сәуірде ашылып, оқыту жұмыстары басталды. Мекеме қала тұрғындарының қоғамдық көлік жүргізушілеріне қатысты шағымдарының көбеюін ескере отырып, ұйымдастырылып отыр.
Аталған орталықта арнайы мамандар, психологтар жүргізушілерге жолаушылармен қарым-қатынас ережелерін, жол жүру қауіпсіздігі, жолаушылар тасымалдау қағидаларын үйретеді. Қатысушыларға сертификат беріледі.
Қазіргі таңда бірінші кезеңдегі оқыту жұмыстары басталып, 30 жүргізуші қайта даярлау курстарынан өтуде. Жоспар бойынша айына 3 кезең бойынша қайта даярлау жұмыстары ұйымдастырылып, жыл соңына дейін шамамен 800-ден астам жүргізушіге сертификат тапсыру көзделуде. Сертификат табысталғаннан кейін жүргізуші тарапынан еңбек тәртібін бұзу жағдайы орын алса, қайта аттестациалаудан өту міндеттеледі. Ал, этикалық нормалар мен еңбек тәртібін бірнеше рет бұзғандар қызметтен босатылып, алдағы уақытта қоғамдық көлікті басқару қызметіне орналасу қиындатылады.