Шөкеев елді мекендерді газбен қамтуды тездетуді тапсырды
Түркістан облысындағы 298 газбен жабдықтау нысаны республикалық менішікке беріледі. Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен өткен апталық аппарат отырысында айтылды.
Күн тәртібінне шығарылған облыстағы бюджет есебінен құрылысы жүргізіліп, аяқталған газбен қамтамасыз ету нысандарын «ҚазТрансГаз» акционерлік қоғамының теңгеріміне өткізу жұмыстарының барысы талқыланды. Бүгінде Түркістан облысында құрылысы аяқталған 298 газбен жабдықтау нысанын коммуналдық меншіктен республикалық меншікке беру бойынша жұмыс жүргізілуде. Дегенмен кейбір аудандар мен қалаларда қажетті құжаттарды рәсімдеу жұмыстары баяу жүруде. Осыған байланысты Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев жауапты тұлғаларға құжаттарды рәсімдеп, тапсыру жұмыстарын тездетуді тапсырды.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Руслан Тұрғамбаев «ҚазТрансГаз» акционерлік қоғамының жетекшілері жаңа нысандарды табиғи газға қосылғаннан кейін ғана рәсімдеуді алға тартып, келісуді кешіктіріп жатқанын жеткізді. Соның салдарынан өңірдегі газ құбыры тартылып, сары жәшігі орнатылып, есігінің алдындағы көгілдір отынды 44 елді мекен пайдалана алмай отыр. Ал, өздерінің кінәсі жоқ екенін алға тартқан «ҚазТрансГаз» акционерлік қоғамы жетекшілері жауапкершілікті жергілікті әріптестеріне жүктеді.
– Жергілікті болса, сіздердің мекеме емес пе? Газды экспорттау созылып кетті. Халықты ойлаңдар. Газ жетеді. Шешіңдер, – деді облыс әкімі.
Өмірзақ Шөкеев созбалаңға салынған істі бірігіп шешуге тапсырма берді. Аталған жұмыстарға тиісті басқармалар мен аудан, қала әкімдерінің тікелей жауапты екендіктерін ескертті.