Мүгедектерді оңалту маңызды іс
Үшінші мегаполистің «SHANYRAQ» Отбасы институтын қолдау орталығында ЕӘҚжКҚК Шымкент қаласы бойынша департаментінің бөлім басшысы Сырым Шонанов қоғамдық қабылдау өткізді.
Орталыққа келуші қала тұрғындарынан МӘС мәселелері бойынша көп сауалдар түсуде. Сырым Жамалбекұлы тұрғындарды мүгедектікке байланысты мәселелер бойынша жеке қабылдап, Орталық мамандарымен бірлесе отырып, мәселелерді шешу жолдарын қарастырды.
Атап айтқанда қоғамдық қабылдауда мүгедектік тобын ауыстыру, тегін берілетін бір реттік жөргектердің санын көбейту, мүгедек баланы оңалтуға апару, емханадан тиісті анализдерге жолдама алу, т.б. көптеген сұрақтар бойынша жауап берілді.
«Қазақстанда мүгедек жандардың құқығын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі 2025 жылға дейінгі Ұлттық жоспар іске асырылуда. Ұлттық жоспар 7 бағытты қамтитын 64 іс-шарадан тұрады, ол мүгедектік профилактикасы мен алдын алу, білім алуға қолжетімділік, кедергісіз орта, жұмыспен қамту, тиімді оңалту, әлеуметтік қызметтер және қоғамдық сананы жаңғырту мәселелері. Жоспар бойынша қаламызда мүгедек жандарды тиісті құралдармен қамтамасыз ету жұмысы жолға қойылған. Сондай-ақ мүгедек адамдарды оңалту мәселесі өте маңызды. Қазіргі уақытта шаһарда оңалту орталықтары мүмкіндігі шектеулі жандарға медициналық, психологиялық көмектер көрсетіп келеді»,- дейді сырым Шонанов. Іс-шарада барлық санитарлық талаптар қатаң қадағаланды.