«Салт-дәстүрде – Ақ отау»
Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасында ұлттық код туралы айтып, оны сақтауды міндеттеген болатын. Ұлттық код дегеніміз ұлттық құндылықтарымыз. Ұлттық құндылықтарымызға халықтың тілі, ділі, діні, салт-дәстүрі, әдет ғұрпы кіреді. Бұны ұлттық кодтың элементтері дейміз. Дәстүрді бір қалыпқа қатып қалған құбылыс екен деп түсіну қате. Ол әр кезеңде өзгеріп отырады. Дегенмен ұлттық кодымызды сақтау үшін дәстүрдің озық үлгілерін насихаттап отыру керек. Рухани жаңғырудың мақсаты да осы.
Бүгінде дәстүрімізді жаңғырту жолында еңбек етіп жүрген Шымкенттегі Салт-дәстүр орталығында жақында тағы бір жөні бөлек шара өтті. Ол «Салт-дәстүрде – Ақ отау» тақырыбында қазақтың киіз үйін құрудан шеберлік сағаты. Шараның мақсаты: қазақ халқының дүниетанымында заттық, әрі рухани мәдениеттің үздік үлгісі саналатын киіз үйдің тарихын, құрылымын, шаңырақ, уық, кереге, т.б. жабдықтарының мән-мағынасын тарату, бүгінгі өмірдегі қолданысын жастарға насихаттау. Шеберлік сағатына қаладағы жоғарғы оқу орны мен колледж студенттері қатысты.
Әуелі киіз үйдің теориялық құрылымы жайында таныстырылымын тыңдаған жастар, одан кейін нақты жұмысқа кірісті. Орталық қызметкерлері ғимарат алдында 12 қанат ақ орданы қалай дұрыс тұрғызу жолдарына жеке-жеке тоқталып, жастарға тәптіштеп түсіндірді. Жұмыс барысында тарихымыздағы ең бірінші сәулет құрылысына қажет шаңырақ, кереге, уық сынды заттардың әрбірінің маңызы жайлы айтылып, жиналған жастарға насихатталды. Қазақ елінің көне дүниетанымын көрсететін киіз үй – рухани мәдениеттің үздік үлгісі екендігін көрсете білді.
Жиналған жастардың барлығы дерлік киіз үйдің құрылу жолына алғаш куә болды. Оны жастардың қызығушылығын үйді құру барысындағы белсенділіктерінен-ақ байқауға болады. Орталық басшысы Сұлтан Оңғарұлы шараның маңыздылығына тоқталып, шараға қатысқан жастарға алғысын білдірді.