Қайрат Сапарбаев: «Біз емес, билік емес, әділеттік жеңу керек»

Oinet.kz 30-12-2008 1047

15.jpeg

Тықырлатқан тышқан жылында оңтүстіктегі қоғамдық саяси аураның тыныштығын бұзған ең елеулі оқиғалардың бірі облыс орталығындағы саябақтардың дауы деп айрықша атап айтуға болады.Жер кодексінде  “Ортақ пайдаланудағы  жерден  жер учаскелері азаматтар мен заңды тұлғалардың  ортақ пайдалануына нұқсан келтірмей, жеңіл үлгідегі құрылыстарды орналастыру үшін уақытша берілуі мүмкін…” деп атап көрсетілгеніне қарамастан саябақтарда зәулім ғимараттар салынғанына қатысты ел арасында екі түрлі пікір бар. Бірінші пікір. Қарапайым адамдардың атын пайдаланып,саябақтан жер алуға, ғаламат сауда нүктелерін салуға, бизнесін жүргізуге қалталы кәсіпкерлер мен шен тағып, шекпен кигендер шетінен шебер екені елге жасырын емес. Рас-өтірігін білмейміз жұрттың айтуынша «соңғы уақытта Қазақстанның Өзбекстандағы өкілетті елшісі қызметін атқарып келе жатқан Зауытбек Тұрысбеков Абай атындағы саябақта салынған сыра цехының сыртында тұр» дейді. Тізе берсек мұндай  мысал көп.  

Енді кәсіпкерлердің баспасөз бетінде шырыл қағып алға тартқан уәжіне тоқталсақ.  «Кезінде саябақтар ешкімге керексіз болып, мүлдем қараусыз қалды. Қиын шақта қол ұшын созған кәсіпкерлер заң шеңберінде қам-қаракеттерін істеді. Банктерден несие алды. Келісім-шарт түзіп, талапқа сәйкес құжаттарын рәсімдеген. Еге  табылмаған саябақтарды талан-таражға түсуден сақтап, бюджетке салықтарын төледі. Жүздеген адамды жұмысқа қамтыды. Демек,саябақтағы нысандардың қожайындарын моралдық-материалдық жағынан зиян шектіруге, еркінен тыс мәжбүрлеуге әкімнің де, соттың да, өзге ешбір құзырлы органның құқығы жоқ. Құзырлы мекемелердің құжатына сүйеніп, құрылыс жүргізсек біздің жазығымыз не? Жергілікті атқарушы билік 8 ай бойы сандалтып, мәселемізді шешпеген соң мемлекет басшысына мәлімдеме жаздық» . 

Баспасөзде жарық көріп мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың атына жазылған мәлімдеме аты-жөндері көрсетілген облыстық мәслихаттың 14 депутатының артынан тек 5-еуі  қол қойғандарын растады. “Газет бетінде ұйымдастырылған мәлімдемеден  бейхабармыз. Бізбен кеңеспей, келіспей мәлімдемені қолдатып қойғаны қисынсыз” деп  басқа депутаттар шу шығарғанымен бірқатары биліктің қысымымен осындай қадамға барғандарын мойындауға мәжбүр болды. Президент Нұрсұлтан Назарбаев болса саябақтарды халық игілігіне қайтаруды қолдап, жергілікті билікке қатаң тапсырмалар жүктеді. Өзге тірліктің бәрін сырып қойып, саябақтарды қайтаруға бел шешіп кіріскен облыс әкімі Нұрғали Әшімов құжаты дұрыс жандардың талап-тілектерін толық орындауды жеке бақылауында ұстауға уәде берді. Нұрғали Сәдуақасұлының «Қазақстан» телеарнасына берген бір сұхбатында «заңсыз салынған ғимараттарды не істейміз? Мүмкіндік болса «перепрофилировать» етеміз. Болмаса... сындырамыз» деген сөзі еске түседі. Оның қай «сындыру» екенін сол кезде әркім өзінше жорамалдаған. Осындай қарқынына қарап, «саябақтар көп ұзамай басыбайлы мемлекеттік мешігіне өтетін болды-ау, ақыры» деген үкілі үміт те болған. Бірақ неге екенін қайдам, сөз сұйылып, тірлік сиырқұймышақтанып кетті. 

Сонымен Шымкенттегі бас-аяғы 8 саябақтың жерін меншіктеп алған 112 жеке кәсіпкердің жағдайы не болды? Мамандардың есебі бойынша сол кездері сот қаулысымен Шымкент қаласы әкімінің жер беру туралы 27 шешімі бұзылған. Сондай-ақ құқық қорғау орындары ортақ пайдаланымдағы жерлерге қатысты тағы 30-дан астам құжаттың заңдылығын тексеріпті. Оған қоса құрылыс салынбаған бос жерлер мен 10 жер иеленушінің үлесі қала әкімінің шешімімен қайтарылып, бас аяғы 41 гектардың 31 гектары мемлекет меншігіне қайтарылған. Қағазға сенсеңіз осы. Ал, шындығы қайсы? Қазір тойхана мен казино,тағы басқа да сауда нүктелері әлі күнге той-думанның көрігін қыздырып тұр. Барлығы бұрынғы орнына келіп, қалыпты жұмыс істеп жатқанын кәсіпкерлердің өздері де растап отыр. Саябақтар дауы немен аяқталғанын әлі ешкім дөп басып айта алмайды. Ел-жердің бәрін шулатып, Елбасының өзі бастама көтеріп, жұрт қолдап, сот мақұлдап отырғанда билік не үшін істі аяғына дейін жеткізе алмады? Тышқан жылында аяқсыз қалған айқастың бірі осы болды. Ал «Шымкентцементпен» шайқасып, ақыры үндемей құтылған биліктің келесі «келісімі» тағы бір әңгімеге арқау болатыны анық.    

Қайрат Сапарбаев,  Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты: 

«БІЗ ЕМЕС, БИЛІК ЕМЕС, ӘДІЛЕТТІК  ЖЕҢУІ КЕРЕК» 

-  Тақсыр уақыттан артық әділ төреші жоқ. Тарих қойнауына шығарып салғалы тұрған 2008 жылға қандай баға бересіз?

- 2008 жылы әлемдік қаржы дағдарысы дегеннің  не екенін бірінші рет көріп жатырмыз ғой. Бұдан да өту керек, мұны да көру керек. Меніңше, бұл жастарға үлкен сабақ болды. Ипотека, несиенің не екеніне көз жеткізді.  «Шоковая терапия» деген ұғым бар ғой, сондай. Өсу, дамумен қатар  дағдарыстың не екенін де ұғыну қажет. Онсыз болмайды. 

- Биылғы жылдың  ең даулы мәселесі – облыс орталығындағы саябақтардың төңірегіндегі тартыс десек қателеспейтін шығармыз. Бұл туралы не айтасыз? Сонымен, саябақтар кімде қалды? Шындап келгенде «Кеңбаба» саябағының қожайыны саналатын Сіз жеңдіңіз бе, әлде жеңілдіңіз бе?

- Оны айтуға әлі ерте.  Біріншіден, жоғарыда отырған басшылар әкімшілік ресурс дегенді қолданудан тартынбай отыр. Ал негізі бұл мәселе заң негізінде шешілуі керек. Бұл тәуелсіз, демократиялық мемлекетте болатын жағдай. Менің ойымша, сондай қадамдар болып жатыр да... Сұрақты «кім жеңді?» деп қою дұрыс емес. Негізінде заң, әділеттілік жеңуі керек. Біздікі дұрыс болмаса, оны да көрсету қажет. Бірақ, тағы бір мәселе бар. Саябақтарда қаншама адам жұмыс істеп жатыр. Ертең олар жұмыссыз қалса не болады? Әр адам өз отбасын асырауы тиіс емес пе? 

- Саябақ қазір өзімнің меншігімде деп айта аласыз ба?

- Соттың шешімі шыққанша, саябақ менің меншігімде қалады. Соңғы нүктені сот қояды. 

- Бұл іс бойынша қандай болжам айта аласыз? Сот кімнің жағына шығуы мүмкін?

- Бұл жерде жалғыз менің ғана нысаным емес, жүздеген нысандардың мәселесі қаралып жатыр ғой. Біреуінің құжаты бар, енді біреуінде ол да жоқ. Әр нысанды жеке қарау керек. Менің айтарым – саябақтарды кәсіпкерлерге қалдырып, Үкімет заңдастырудың жолын табу қажет. Кез-келген дамыған елде саябақтардың жері жалға беріледі, яғни, жер - мемлекеттің меншігінде. Бірақ, бұл кәсіпкерлерге кедергі келтірмейді. Мен бұрынғы позициямда қаламын.   

Ғани Қалмаханов,

«Қазақстан» Ұлттық телеарнасының меншікті тілшісі 

Кентау қаласының әкімі парамен ұсталды
Дуадақ енді Шымкентте де өсіріледі
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу