Тимур Варзилов: «Ана мен бала денсаулығы – ел байлығы»

Oinet.kz 11-12-2012 1107

Screenshot_9.jpg

Тимур Варзилов, облыстық №2 перинаталдық орталық бас дәрігерінің орынбасары

Ана мен бала денсаулығы – мемлекеттің назарындағы айрықша мәселе. Елбасы Н.Назарбаев осыған Қазақстан халқына арнаған  Жолдауында  «Сондықтан Қазақстанда халықтың мақсатты топтарының денсаулық жағ­дайын бақылаудың ұлттық бағ­дарламалары кешенін енгізу қажет. Бірінші кезекте, олар балалар, жас­өспірімдер, бала туу жасындағы әйел­дер», деп  осы саланың маңыздылығын атап өтті. Ана мен бала денсаулығы әсіресе Оңтүстік үшін айрықша мәнге ие.  Қазақстандағы әр төртінші бала оңтүстікте туылатыны белгілі.Былтыр Шымкент қаласының «Нұрсәт» мөлтекауданында ашылған  №2 облыстық перинаталдық орталық аймақтағы медициналық қызметтің сапасын жаңа деңгейге шығарған бірден-бір жоба. Елбасы Н.Назарбаевтың қатысуымен тұсауы кесілген бұл мекеме Біріккен араб әмірліктеріндегі «Шейх Халифа Бен Заид аль-Нахаян» қорының қазақ еліне тартуы болып табылатыны жұртқа мәлім. Заман талабына сай перинатальдық орталықтың құрылысына 26 миллион доллар, ал медициналық құрал-жабдықтарды сатып алуға шамамен 6 миллион доллар жұмсалыпты. Бір жарым жылдан бергі уақытта бұл орталықта 10 мыңға жуық сәби дүниеге келген. Бұл бүкіл Солтүстік Қазақстан облысының көрсеткіші. Ана  мен бала денсаулығын сақтаудағы өзекті мәселелер жайлы білікті маман, перинаталдық орталық бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Тимур Варзиловпен сұхбаттасудың сәті түсті.

- Тимур Исабалұлы, перинаталдық орталықтың негізгі жұмыс бағыты қандай? 

- Біздің мекеме жұмысын былтыр 5 наурыз күні бастады. Орталық үшінші деңгейлі жоғары мамандандырылған көмек көрсетуге арналған. Яғни, анемия, преэклампсия секілді асқынған ауруларға шалдыққан жүкті әйелдерге жәрдем береміз. Жалпы, бірінші және екінші деңгейлі перзентханаларға жүктілік мерзімі бірқалыпты, денсаулығында айтарлықтай қауіп жоқ әйелдер қабылданса, үшінші деңгейлі перинаталдық орталықтарда көбіне  22 апта және одан жоғары мерзімдегі әйелдер босанады. Кей жағдайда нәрестенің салмағы 500 грамм шамасында болады. Мұндай сәбилер  ерекше күтімді қажет етеді. Сонымен қатар санавиация бағытында да жұмыс жүргіземіз. Жылына үш рет аудандарды аралап, ауыр жағдайдағы балаларды   реанимобильмен орталыққа жеткіземіз. Елімізде төртінші деңгейлі екі орталық бар. Олар Алматы мен Астанада орналасқан. Ол мекемелерде көбіне экстрагениталдық, жүрек-қан тамырлары аурулары, сондай-ақ туа бітті ауруларға шалдыққан әйелдер емделеді. Біздің мекеменің ерекшелігі - Батыс Германиядағы перинаталдық орталықтың моделімен салынған. Дәл мұндай аналог елімізде, тіпті өзге елдерде де жоқ.

- Сонда оның өзге перзентханалар мен перинаталдық орталықтардан ерекшелігі неде?

- Айырмашылықтар көп. Ғимараттың дәліздері өте кең, автономды энергия, жылу жүйесі, ауаны кондиционерлеу жүйесі бар. Стерилизациялық бөлім жұмыс істейді. Яғни, перинаталдық орталық автономды түрде, ешкімге тәуелді болмай жұмыс істей алады. Палаталардың көлемі өте үлкен. Әр бөлмеде жеке  санитарлық торап орнатылған. Қысқасы, емделуші әйелдер үшін барлық жағдай жасалған. Перинаталдық орталықта 130 жатын орын бар. Жыл басынан бері 5400-ден астам сәби дүниеге келген. Бір ғана тамыз айында 1010 әйел босанды. Мекемеміздегі корпустардың орналасуы өте ыңғайлы. Операция залы, балалар және ересектерге арналған жансақтау бөлімі, босану залу - барлығы біріне-бірі  жақын орналасқан. Науқастарды жедел түрде тасымалдауға мүмкіндік бар. Акушерияда уақыт факторының маңызы өте зор. Қан кеткен кезде санаулы секундтарда операция залына жеткізудің тиімділігі ерекше. Мекемеде  консультативті-диагностикалық блок жұмыс істейді. Қазіргі таңда арабтар бізге генетикалық зертхана ашып беруді жоспарлап отыр. Бұл біздің облысымыз үшін өте қажет дүние.  2,5 миллионға жуық халқымыз бар. Жылына облысымызда 76-77 мың нәресте туылады. Демографиялық жағдайымызды ескерер болсақ, ана мен бала денсаулығы – еліміздің басты байлығы, баға жетпес құндылығы.  Бірақ, өкінішке қарай, жүкті әйелдер арасында құрсақ ішіндегі инфекциялар тым көп таралған. Бұл өз кезегінде іштегі нәрестенің түрлі ауруларға шалдығуына себеп болады. Қазіргі кезде ультрадыбыстық зерттеу мұндай патологиялық ауытқулардың тек 56 пайыз жағдайда анықтап бере алады. Генетикалық зертханаға қол жеткізсек, құрсақтағы нәрестенің патологияларын ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік аламыз. Яғни, істі қиындатпай алдын-ала әрекет жасай аламыз. Сонымен қатар «зейд аль-Нахаян» қорының өкілдері эндовидеохирургияны орнатуға да жәрдем бергелі жатыр. Лапороскопиялық құрал-жабдықтарға қол жеткізсек көптеген күрделі операцияларды жүргізуге мүмкіндік аламыз.

- Ана мен бала денсаулығын сақтауда қандай өзекті мәселеге назар аударар едіңіз?

- Негізгі мәселе  - әйелдер жүктілікке дейін сапалы медициналық тексеруден өтпейді. Барлық қиындықтардың бастауы осы. Құрсақ ішіндегі инфекция — күрделі мәселе. Соның кесірінен нәрестенің қалыптасуы мен дамуында түрлі ақаулықтар пайда болады, созылмалы аурулар пайда болады. Шетінеген нәрестелердің көпшілігі құрсақ ішіндегі инфекциядан көз жұмады.  Жүктілік кезінде әйелдің ағзасындағы агрессивті инфекциялар  балаға кері әсер етеді. Соның салдарынан кей жағдайда жүктілік үзіліп қалады. Болмаса, денсаулығы өте нашар бала дүниеге келеді. Плацента патологиясы, басқа да түрлі аурулар асқына түседі. Ал олар жүктілік кезінде мүлдем емделмейді. Ресейлік ғалымдардың зерттеуінше, антибактериалды терапияның тиімділігі 16 апталық кезеңге дейін байқалады. Бұдан кейін ештеңе істей алмайсың. Сондықтан, ең дұрысы - жүктілікке дайындық жасау керек, ағзадағы инфекцияларды жүктілік кезінде емес, оған дейін емдеген жөн. Инфекциялардың түрі көп.  Бір мысал келтірейін. Қазір герпес және цитомегаловирус көп таралған. Осы инфекцияны жұқтырған 100 жүкті әйелдің шамамен 15 пайызының нәрестесі шетінейді. Жаңа туған балалардың 65 пайызының денсаулығы тым нашар болады. Оларда гипоксия, гипертензия асқына түседі. Асфиксия - оттегі жетіпеушілігі байқалады.  Қарап отырсаңыз, мұндай денеде осындай вирустар жүргенде сау баланы дүниеге әкелудің өзі неғайбыл. Өзім акушерия саласында 1989 жылдан бері жұмыс істеп келемін. Содан байқағаным, қазіргі әйелдердің денсаулығы бұрынғымен салыстырғанда күрт нашарлаған. Тіпті бүгінгі таңда дені сау, ешқандай патологиясы жоқ әйелді табу мүмкін емес шығар. Әйелдердің көпшілігі анемия, созылмалы пилонефрит,  қалқанша безі ауруына шалдыққан. Екінің бірі жыныстық инфекция - кольпитпен ауырады.  Тағы да қайталағым келеді - жүктілік кезінде мұндай аурулар емделмейді. Гемоглобин мөлшері тым төмен әйелдер көп түсіп жатады. Қанның құрамындағы гемоглобин 70-тен кем болса, адам анемия ауруына шалдыққан болып есептеледі. Бірде гемоглобин мөлшері 28-ді көрсеткен әйел келіп түсті. Бұған не дейсіз? Оны Алматыға жіберуге мәжбүр болдық.

- Гемоглобин мөлшерінің төмендігі несімен қауіпті?

- Босану кезінде әйел  200-300 милилитрге дейін қан жіберуі мүмкін. Бұл дене салмағының 0,5 пайызы. Мұндайда дені сау әйел аса қиналмайды. Ал гемоглобин  мөлшері  50-70 аралығындағы жүкті әйел үшін  300 милилитр қанның кетуі өлімге апарып соғуы мүмкін. Қанды тоқтатудың өзі қиынға соғып, бұл нәтижесінде ДВС-синдром, немесе Тамыр ішілік шашыранды қан ұю синдромына ұласады.   Қазіргі таңда бізге келіп түскен жүкті әйелдердің шамамен 16-17 пайызына кесарево операциясы жасалады. Кейбір  перинаталдық орталықтарда бұл көрсеткіш 20 пайызға дейін жетеді. Демек, әрбір  5 жүкті әйелдің нәрестесін іштен жарып алуға тура келеді деген сөз. Кесарево  тәсілінің негізгі мақсаты - нәрестенің өмірін құтқару. Бұрындары әрі кетсе 8-9 кесарево жасалатын.

- Бұрынғымен салыстырғанда қазір акушерияда қандай-да ілгерілеушілік бар ма?

- Иә. Біз бұрынғы тиімділігі төмен тәсілдерден бас тарттық. Қан кету, Іріңді-септикалық аурулардың деңгейі азайды. Табиғи процеске араласудың өзі қандай-да кемшіліктерге ұласатынын ұмытпау керек. Қазір халық арасында  «дәрігерлер дұрыс жұмыс істемейді, бұрынғыдай окситоцин қолданбайды» деп ренжитіндер бар. Окситоцин – тууды жеделдететін укол. Сол арқылы жүкті әйелдің босану әрекетін күшейтуге қол жеткізіледі. Бұрындары оны жиі қолданатын едік. Ал  шын мәнінде бұл препараттың зияны мол. Тіпті медицинада «окситоцин балалары» деген мақалалар жарық көрді. Стимуляция арқылы дүниеге келген  нәрестелердің тыныс алуы қиындай түсетіні дәлелденген.    

- Жалпы, акушер-гинекологтың жұмысы қаншалықты қиын?

- Медицинада дәл акушер-гинекологтай жауапкершілігі жоғары мамандық жоқ. Акушерлік -  өте қауіпті мамандық, себебі мұнда бір емес, екі өмір үшін жауаптысың. Әрі ананың өмірін сақтап, әрі баланы аман-есен босандырып алу керек. Қатардағы перзентханадан гөрі перинаталдық орталықта жұмыс істеген әлдеқайда қиын, өйткені денсаулығындағы ақаулықтары бар  жүкті әйелдер көбіне бізге келіп түседі. Қиын жағдайға тап болған жағдайда « «перзентханаға сап-сау, өз аяғымен келді ғой»  деген уәж айтады. Ал ол әйел  оған дейін өкпе поликистозы немесе анамнездегі  туберкулезбен, болмаса  басқа да инфекциямен ауырғаны, бүйрегінің нашар екені ескеріле бермейді. Әрине, дәрігерлердің де қателіктерге бой алдыратын кездері жоқ емес.  Бірақ, 38-40 аптаға созылған жүктілік кезінде дені сау бала дүниеге келсе, онда мәселе жоқ. Ал жүктіліктің 33 аптаға ғана созылатын жағдайлары болады. Болашақ ана қайта-қайта сақтануға жатады. Жұрт оның анализдерін қарамайды ғой. Меніңше, емханалар өз жұмысын өз деңгейінде атқара алмай отыр. Жүктілігі асқынып кетуі мүмкін әйелдермен жұмыс істеу керек.  Қала тұрғындарына қарағанда әсіресе ауылдағылардың жағдайы қиындау. Себебі онда гинекологиялық қызметті табудың өзі қиын. Білікті дәрігерлер ауылға барып жұмыс істегісі келмейді. Өз кезегінде ауыл тұрғындары медициналық көмекке денсаулығы тым асқынып кеткен соң барып жүгінеді. Дегенмен, қазір мемлекет тарапынан медицинаның сапасын арттыру бағытында ауқымды шаралар жүзеге асып келеді. Меніңше, алдағы уақытта ауылдағы жағдай жақсаруы тиіс. 

- Қалай болғанда да, ел арасында дәрігерлерге белгілі деңгейде сенімсіздік бар ғой?

- Сенімсіздік жоқ емес, бар. Әдетте адамдар жақсы, білікті дәрігерді іздейді, жан-жақтан сұрастыра бастайды. Бұл да рейтингтің бір түрі шығар. Бірақ, қалай болғанда да, кез-келген дәрігер өзінің тәжірибесінде қателіктерге жол береді. Онсыз болмайды. Өзім қателікке бой алдырмаған дәрігерді көргенім жоқ. Себебі, маманның кәсіби деңгейі өскен сайын күрделі операцияларды жасай бастайды. Әрдайым дұрыс шешім қабылдауға тырысқанымен, ерте ме, кеш пе  оның да қателесетін сәті туады. Одан  ешкім сақтана алмайды. «Мен өмірімде қателік жасағаным жоқ» деп кеудесін соқса,  дәрігердің өтірік айтқаны. Әрине, басқа дәрігердің қателігінен сабақ ала алсаң өте жақсы. Бірақ, соңы қайғыға ұласқан ағаттықтар, өкінішке қарай, медицинада жоқ емес. Былайша айтқанда, әр дәрігердің өз моласы бар дер едім. Әрине, әдейілеп қателік жібермейді, науқасына ешкім өлім тілемейді. Жалпы, тәжірибесі молайып, білімі  артқан сайын дәрігер қорқа бастайды. Себебі, қай аурудың алдағы уақытта қалай өрбитінін, алдағы уақытта қандай қиындықтардың туындауы мүмкін екенін болжай бастайды. Бұл жақсы қасиет, себебі дәрігердің қорыққаны жақсы.  Өзіңе тым қатты сенуге болмайды.  

- Болашақ аналардың өз денсаулығына деген немқұрайдылық танытуының себебі неде? 

- Инфекциялардың көбі атипті түрде, яғни білінбей дамып жатады. Әйел немесе ер кісі өзін сау деп ойлайды, ал шын мәнінде оның ағзасында инфекция өздігімен дами береді. Көпшілігі емдеу ісіне тым кеш назар аударады. Қазір бұл бағытта үгіт-насихат жұмыстары жоқ емес, бар. Дәрігерлер мектептерді, аудандарды аралап түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Инфекциялардың қауіптілігін көпшілікке жеткізуге тырысады. Түрлі брошюралар жарық көруде. Бірақ, бұған халық аса мән бермей отырған сыңайлы. Көпшілік арасында «мұндай қауіп маған төніп тұрған жоқ» деген пікір орнаған.  Турасын айтқанда жастық шақтағы ретсіз жыныстық қатынастардың салдары қандай боларын жете түсінбейді. Бәлкім, менталитетіміз осындай  шығар.  Бұрындары дәрігерлердің қызметін жеңілдететін жұмыстар жүргізілетін. Бір кездері халық арасында скринингтер, яғни жаппай тексерулер өткізілген. Мәселен, құрсақ ішіндегі  инфекцияларға байланысты тегін скринингтің көп пайдасы тиген. Қазір ол жоқ, адамдар ақылы қызметке жүгінуге мәжбүр. Осындай бастамалар құрсақ ішіндегі инфекцияларды алдын-ала анықтайтын едік. Қоғамда жыныстық жолдар арқылы жұқтырылатын вирустық инфекциялардың күрт көбейе түсті. Ол әсіресе 90-шы жылдардың соңынан қатты байқалады. Ретсіз жыныстық қатынастардың зардаптары  мол екені белгілі. Бірақ, соған қарамастан осы қауіптерді ауыздықтау әзірше мүмкін болмай тұр. Дегенмен, алдағы уақытта жағдай біртіндеп ретке келеді деген сенім бар. Өйткені, қазір адамдар денсаулығы үшін алаңдай бастады. Өз денсаулығына алаңдап, гинекологтардың қызметіне жүгініп, тексерілетіндердің қатары көбейіп келеді. Менің ойымша, бұл жақсылықтың нышаны, болашақта ана мен бала денсаулығының жақсаратынының белгісі. 

Ыбырайым Қарақұлов: «Заманауи қондырғылармен жабдықтау жаңа мүмкіндіктер туғызып жатыр»
Василиса Мануилова: «Қазақ тілінің көркемдігіне тамсанамын»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу