Кенесары қырғыздарға неге барды?
06-11-2023
Тіл – Тәуелсіздіктің тірегі. Мемлекеттік тіл – мемлекеттік рәміздердің бірі ғана емес, ұлттың, мемлекеттің ұстыны. Сан алуан ұлттардың басын бір шаңырақтың астына біріктірген, татулық пен бірлікті басты құндылық санайтын Қазақстанда мемлекеттік тіл - қазақ тілі. Бүгінде қазақ тілін ардақтап, сөйлеуді парыз санап жүрген өзге ұлт өкілдерінің жастары көбейіп келеді. Тәуелсіздік туы тігілгелі талай жастар өз еріктерімен қазақша білім алып, тілге деген қызығушылықтары мен құрметтері артуда.
Жақында бір мерекелік іс-шараны таза қазақша жүргізіп, мақалдап сөйлеп тұрған орыс қызын көрдім. Егер оның бет-бейнесін көрмей тек дауысын ғана естісеңіз кәдімгі қазақтың қызы екен деп қаласыз. Оның сахнада сондай әуезді, әдеби, кейде қазақтың ауыз екі стиліне тән диалект сөздерді қосып сөйлегеніне қарап, сөздік қорының біршама бай екенін аңғарасыз.Орыс қызы Василиса Мануиловамен арадағы сұхбатымыз қазақ тілі жайында өрбіді.
Василиса Мануилова, Оңтүстік Қазақстан Педагогика Университетінің студенті
- Сәлеметсің бе, Василиса. Мемлекеттік тілді қалай меңгердің?
- Менің қазақ тілін үйренуіме балалар үйі себепші болған. Тағдырдың жазуымен үш жасымда Шымкент қаласындағы №5 балалар үйіндегі қазақ тобында тәрбиелендім. Тәрбиеші апайлар, жанымдағы өзге де тәрбиеленушілердің көбісі қазақ болғандығының әсерінен қазақша сөйлеуді тез меңгеріп алдым. Бесінші сыныптан бастап мені Сайрам ауданындағы балалар үйіне ауыстырды. Ол жаққа барғанда жұрттың көзіне бірден түстім. Осыдан он шақты жыл бұрын қаршадай ғана орыс қызының қазақша таза сөйлеп тұрғаны қызық әрі таңқалатындай жағдай еді. Содан түрлі іс-шараларға белсене араласа бастадым. Мерекелерде екі тілде жүргізуші болып жүрдім. Қазақ тілінде онша-мұнша тақпақ, өлеңдер шығарған кезім болды. Бір сөзбен айтқанда ес білгелі бері қазақша ортада жүріп, қазақы тәрбие алдым.
- Қазір қандай іспен шұғылданып жүрсің?
- Қазір Шымкент қаласындағы Оңтүстік Қазақстан Педагогика Университетінде бірінші курста оқып жатырмын. Мамандығым қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Айта кетейін қазақ тілінің маған көп көмегі тиіп жатыр. Сабағыммен қатар тілге қатысты жарыстарға қатысып тұрамын, әдеби-мәдени іс-шараларды жүргізушілікпен де айналысамын. Көп жағдайда іс-шараны қазақ тілінде жүргізуге ұсыныс түсіп жатады. Ондай ұсыныстарға қуана-қуана келісім беремін. Себебі көпшілік алдында өзіңді қалай ұстау, қалай сөйлеу керектігіне машықтанасың, сөздің қорың да баии түседі. Адамдармен қоян-қолтық жұмыс жасайсың. Тіл меңгеруді кітап, оқулықтардан гөрі іс-тәжірибе тұрғысынан, яғни күнделікті тұрмыста қолданып, көшеде, сабақта, жұмыста адамдармен тілдесу арқылы үйренген дұрыс. Мысалы менің араласатын құрбы- құрдастарымның барлығы қазақтар. Ішінде бір-екі өзге ұлттылар бар, олар да мен секілді таза қазақша сөйлейді.
- Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің болашақ маманы екенсің. Әдеби кітаптарды көп оқитын шығарсың?
- Әрине. Мен қазақ тілін қатты құрмет тұтамын. Оның көркемдігіне, әуезділігіне тамсанамын. Қазақ тілі әлемдегі ең сұлу тілдердің бірі деп білемін. Дәл осы мамандықты таңдауыма да қазақ тіліне деген қызығушылығым себеп болды. Қазақ тіліндегі шығармаларды сүйіп оқимын. Әсіресе Мұқағали Мақатаев, Ілис Жансүгіров, Ілияс Есенберлин, қырғыздың жазушысы Шыңғыс Айтматовтың шығармаларын ұнатамын.
- Сөз арасында өлең шығарғанмын деп те айтып қалдың. Қазір қолыңа қалам алып, жыр жазып тұрасың ба?
- Шынымды айтсам бала кезімде шабытымның жеткенінше шығардым, бірақ қазір кішкене қол үзіп қалдым. Есесіне қазақ тілін дамыту мен насихаттауға арналған жарыстарға қатысып жүрмін. Ал мұндай байқаулардың ертеңгі күні тәжірибелі, білімді маман болуыма ықпалы зор. Менің арманым болашақта тіл маманы немесе журналист болу.
- Елбасының сарабдал саясаты арқасында Қазақстанда өзге ұлт өкілдеріне жасалып жатқан қамқорлыққа қандай баға берер едің?
- Қазақстан шынымен татулық пен бейбітшіліктің мекені. Барлық ұлттың өкілдеріне тең құқық берілген. Өз салт-дәстүрлерін, діндерін, ұстанымдарын ұстануға шектеу жоқ. Ең бастысы олардың ұлт ретінде жойылып кетпеуіне бар жағдайды жасап отыр. Билік те, халық та бір ұлтқа басымдық беріп, екіншісін кеудесінен итеріп отырған жоқ. Еркін өмір сүріп жатыр. Мұндай қамқорлық ешқандай мемлекетте жоқ. Осы жақсылықты түсінген басқа ұлттың өкілдері қазақ тілін үйрену, дамыту арқылы елге қайырымын жасау керек деп ойлаймын. Мен Қазақстанда туып өскеніме еш өкінбеймін. Жастайымнан мемлекет мені өз қамқорлығына алды, білім берді, жетілдірді. Қазақ ежелден қонақжай болған халық қой. Сол қонақжайлылықтарын бүгінде барлық ұлттарға құшақтарын айқара ашып, қанаттарының астына алып, дәлелдеп отыр. Алайда қазақ тіліннің дамуына тек өзге ұлт өкілдері ғана емес барша қазақтар ат салысу керек. Менің байқайтыным қазақ жастарының көбісі қазақша сөйлеуге ұялады, кейбірі тіптен білмейді. Егер қазақ тіліміз дамысын десек мейлі ол қазақ болсын, орыс, татар, кәріс болсын ең бірінші әр адам өзінен бастап, қазақ тілін білуді алдына міндет етіп қойса, оң нәтижеге қол жетеді.
- Қазақтың салт-дәстүрлерін ұстанасың ба?
- Қазақтың тілі мен әдебиетіне қалай қызықсам, салт-дәстүрлеріне де солай қызығам. Барған жерімде, көрген сәттерімде үнемі оларды жадыма түйіп жүремін. Бірақ әлі ұстанып көрмеппін. Мен әлі оны тану үстіндемін. Кейде құрбыларымның арасында жүргенде оларға қосылып қазақтың ырым-тиымдарын жасап қоямын. Қазақ халқында әсіресе қыз балаға арналған салт-дәстүрлер көп. Соларды ішінде қыз ұзату маған қатты ұнайды. Өзімде кейін қазақша ұзатылсам деп армандаймын.
- Сұхбатыңа рахмет.