Ыбырайым Қарақұлов: «Заманауи қондырғылармен жабдықтау жаңа мүмкіндіктер туғызып жатыр»

Oinet.kz 11-12-2014 958

image.png

Ыбырайым Қарақұлов, жоғары санаттағы дәрігер, Оңтүстік Қазақстан облыстық офтальмологиялық ауруханасы бас дәрігердің орынбасары

- Елбасы 2011-2015 жылдарға арналған денсаулық сақтау саласын дамытудың «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасында медициналық қызметтің сапасын арттыру мәселесін көтерген болатын.  Осы мәселеге байланысты облыстық офтальмологиялық аурухананың қызмет көрсету сапасында нендей өзгерістер бар?

- Президенттің «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласында «халық денсаулығы - ел қуаты» деп айтқаны бар еді. Шынында да елімізде медициналық қызметтің сапасын арттыруға көп көңіл бөлінуде. «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы қолданысқа енгеннен соң медицина саласы жаңарып, оңды өзгерістер көбейіп келеді. Қазір ауруханамызда осы бағдарлама аясында бірқатар істер атқарылып, талаптар күшейтілді. Мысалы, бағдарламада науқастарға келтірілген нұқсан мен дәрігерлердің құқықтары қарастырылған. Негізгі мақсат-- соңғы уақытта дәрігерлердің тарапына айтылған шағымдарды азайту, болдырмау, дәрігерлер мен науқастардың құқықтарын нақты айқындау. Бұл дұрыс қадам, өйткені дәрігер мен науқастың арасында  түсініспеушілік туындаса   тек ақ халаттыларды ғана кінәлауға болмайды. Елбасы сол себепті  әр науқас өзінің денсаулығына жауапкершілікпен қарауы қажеттігін қадап айтты. Осыған байланысты біздің ауруханада  дәрігерлердің жұмысын, ем көрсету қызметін қадағалайтын ішкі аудит  жұмыс жасайды. Барлық науқастарға толық мамандандырылған қызметті ұсынамыз. Ауруханамыздың бір ерекшелігі  мамандандырылған қызмет көрсете отырып, профилактикалық, алдын-алу бағытында жұмыс жасаймыз. Методикалық тәжірибелерді аудандардағы аурухана, емханаларға барып, ол жақтың дәрігерлеріне үйретіп отырамыз. 2013 жылдан бастап «Шаруашылық есеп құқығына» ие болмақпыз. Ол дегеніңіз бюджеттен бөлінген қаржыны қалай игеру мекеменің өз құзырына беріледі.

Аурухана жанында  кеңес алатын емхана бар.  Күндіз стационар жұмыс істейді. Бұрынғыдай  барлық науқасты ауруханаға  жатқыза бермейміз, күндіз белгілі бір уақытта келіп, керекті емін алып жұмыстарына кете береді. Бұл әсіресе қала тұрғындарына тиімді. Аурухана жалпы 100 орынға арналған. Тағы 20 орын ақылы бөлімде орналасқан.  Жылына 3200-ден аса  науқас емделеді. Оның 75,8 пайызына ота жасалады. Тіпті 2011 жылы 3842 науқас жатып, 71,9 пайызына ота жасалған. Бұл өте үлкен әрі қауіпті көрсеткіш. Яғни, аурулардың саны өсуде деген сөз.

- Қазіргі кезде көз ауруларының қандай түрлері өршіп тұр?

- Жоғарыда атап өткендей науқастардың саны жылдан-жылға көбейіп келеді. Оның  ішінде әсіресе ересектерде жиі кездесетін және соқырлықққа алып келетін глаукома немесе су қараңғы  ауруы және миопатия. Осы екі аурудың өсуіне байланысты «Саламатты Қазақстан» бағдарламасында көрсеткіш санын азайту туралы тапсырма берілген. Бұл қазір әлеуметтік проблемаға айналып отыр. Қазақстанның барлық қала, аудандардағы көз дәрігерлері глаукома мен миопатияны азайту мақсатында күрделі жұмыстар атқаруда. Біздің аурухана жыл басынан бері белсенді түрде халықты скрингтік тексеруден өткізіп жатыр. Яғни емханаға келген жасы қырықтан асқан адамдардың барлығын тексеруден өткіздік. Сегіз айдың ішінде  облыс бойынша 187 мың 500 адам  тексерілуден өткізілді. Оның ішінде 1470-інен  аталған аурулар анықталып, 1059-ы есепке алынды. Негізі 2012 жылы 273 705 адамды тексеруден  өткізуіміз керек. Бұл айтуға оңай болғанымен  жауапкершілігі көп жұмыс. Облыстағы бүкіл медпунктерден бастап барлық медициналық мекемелердегі ақ халаттыларға  тонометриялық зерттеу жүргізудің әдіс-тәсілдерін, ережелерін үйреттік. 40 жастан асқан адамдар деп айтқан себебім глаукома көп жағдайда егде тарта бастаған шақта көз қысымының жоғарылауынан пайда болатын ауру. Дер кезінде емделмесе соңы соқырлыққа әкеледі.  Ал екінші миопатия  немесе  жақыннан көргіштік деп аталатын ауру бүгінгі күні оқушылардың арасында жиі кездеседі.   Бастауыш сынып оқушылары  арасында 5 пайызды құраса, жоғары сынып оқушылары арасында  25--30 пайызға жетіп отыр. Бұл да алаңдатарлық мәселе.

- Миопатия ауруының тек мектеп оқушылары арасында өсіп отырғандығының себебі неде?  

- Оның  бірден-бір себебі  оқушының көзіне күшті көп түсіруі. Қазір мектептерде пәндер көп, азаннан кешке дейін қосымшасы бар, басқасы бар әйтеуір шаршап жүреді. Бір ғимараттың ішінде кітап, дәптер, тақтадан, одан қалса комьютерден бас алмай отыра береді. Кейде оларды аяп кетесің. Бала бір жерде ұзақ жүре берсе,   көздің алыстан көретін қабілетін  үзіп тастайды. Адамдардың көздері алысқа қарап тұрмаса, алыстан көргіштік қабілеті жойылады. Осы бір фактордың өзі  ағзаға көп әсерін тигізеді. Екіншіден  жарық жақсы түспесе, көздің ішіндегі бұлшық еттерге көп күш түсіп содан миопатия ауруына айналады. Миопатияға шалдыққан баланың көру қабілеті төмендейді, содан қалың  көзілдірік тағуға мәжбүр болады. Ол бала ертең жоғары оқу орнына түсіп, мамандық таңдаған жағдайда біраз қиналуы мүмкін. Не дегенмен қалың көзілдірік баланың психологиясына қатты әсер етеді. Сабақта отырып тақтадағы жазуларды көрмей жан-жағына жалтақтай береді, үлгере алмайды, жүйкесі шаршайды, көшеде ылғи төмен қарап жүреді. Көз нашар көріп, оған салмақ түскеннен кейін бас, жүрек аурулары пайда болады. Жалпы көз барлық ағзалармен тығыз байланысты. Егер көзіңіз сау болса ішкі ағзалардың да дұрыс жұмыс істеп, дамуына септігін тигізеді, ал егер басқа бір жеріңіз ауырса көзге де жағымсыз әсер етеді. Қазіргі ата-аналар үнемі қолдары тимей, баласына қарауға уақыт таба аламай жүреді. Бала әбден қиналып, ауруы асқынған кезде барып, ауруханаға әкеледі. Кей жағдайларда дәрігердің де қолынан ешқандай шара келмей, кеш болып, мүгедектікке әкелуі мүмкін. Сондықтан,  көз ауруларының алдын алу шараларының бірі  міндетті түрде көзіне шағым түскен жағдайда маманға көріну қажет. Жылына бір рет ана-ана да, бала да профилактикалық тексеруден өткені абзал. Себебі, көз ауруларының кейбір түрлері біліне бермейді. Мысалы, глаукомамен ауруын адам  жылдар бойы сезбеуі мүмкін, тек төменгі сатысына келгенде барып, сыр бере бастайды. Көз деген өте нәзік болып келеді, сол үшін көзге бейжай қарамаған жөн.

- Қазір ауруханаларда ота жасауда заманауи қондырғылардың  рөлі зор. Елімізде мүмкін емес оталарды осы қондырғылардың көмегімен  жасап жатыр. Көз ауруларына байланысты оталардың жаңа түрлерін жасауға  ауруханада мүмкіндік бар ма?

-  Ия, ауруханамызға жаңа қондырғылардың келуіне байланысты биылдан бастап бірнеше операция түрлерін енгіздік. Мысалы лазерлік сәуле арқылы отаның бес түрін жасадық.  Бұрындары ондай ауруларды ауруханаға жатқызып, ұзақ емдейтінбіз. Қазір лазерлік сәуле арқылы ауруханға келген күннен бастап ота жасаймыз. Тіпті ауруханаға жатудың да қажеті болмайды. Ол біріншіден, науқастарға да, дәрігерлерге де ыңғайлы. Оның үстіне көп көлемдегі қаржы да шығын болмайды, уақыт та үнемдейді. Глаукома ауруына  жасалатын оталардың барлығын осы лазерлік  сәуле арқылы жүргізіп жатырмыз. Басқа көздің ішкі қысымын өлшеуге, көздің аймағын анықтайтын компьютерлер және көздің ішкі құрылымдарын толық зерттейтін УЗИ аппараты бар.

- Жоғарыда айтқан бір сөзіңізде ақылы бөлім бар деп қалдыңыз. Тегін емдеу бөлімі мен ақылы емдеу бөліміндегі қызмет сапасында, емдеу шараларында қандай айырмашылық бар?

- Халықтың көбісі ақылы емдеу бөліміне жатсам дәрігерлер маған дұрыс қарайды, тез жазылып кетем деп ойлайды. Олай емес, тегін емдеу мен ақылы емдеу бөлімінің айырмашылығы тек уақыт және анализ тапсыруда. Егер тегін бөлімге жататын болсаңыз толық анализдеріңізді өткізуіңіз керек, оған екі - үш күн уақытыңыз кетеді. Ауруханаға бүгін жата қалам дегендер анализ тапсырмай, ақалы бөлімге сол күні жатып емделе алады. Одан кейінгі айырмашылық - палатадағы жатын орындардың санында. Ал дәрігерлер ортақ. Мейлі ол тегін немесе ақылы бөлімде жатсын, барлық науқастарға ем, қызмет көрсету бірдей жүргізіледі.

- Ұзақ жылдан бері осы денсаулық саласында қызмет етіп келесіз. Елімізде офтальмология саласында шешілмей жатқан мәселелер бар ма?

- Орынды сұрақ. Республикадағы барлық ауруханаларда көз дәрігерлері тапшы.  Әсіресе балалар дәрігері. «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы бойынша әр ауданда бір дәрігерден, кейбір халқы көп аудандарда екі үш дәрігерден болу керек. Алайда, ол талап мардымды орындалмай келеді. Себебі дәрігерлерге барған жерінде әлеуметтік жағдай қарастырылмайды, ауруханадағы жабдықтардың аздығынан және жас мамандардың жалақысы өте төмен болғандықтан олар тұрақтамайды. Екі-үш жылдың көлемінде ғана «Дәрігерлер ауылға» деген бағдарламамен оқу бітірген болашақ мамандарды ауылдық жерлердегі бас дәрігерлер сұраныспен шақыртып жатыр. Болашақта бұл мәселе түзелетін шығар.

- Сұхбатыңызға рахмет. Еңбектеріңізге  табыс тілейміз.

Мұрағаттан, 17.10.2012 ж

Оңтүстік Қазақстан облысына 80 жыл
Тимур Варзилов: «Ана мен бала денсаулығы – ел байлығы»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу