«Түркістан ғажайыптары» экспедициясы Созақта
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев "Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру" мақаласында туған жерді қастерлеу, қадірлеу керектігіне кеңінен тоқталған. Себебі әрбір адам өзінің кіндік қаны тамған жерге адал қызмет етіп, дамуына ат салысуы керек. Отанға деген жанашырлық - туған жерге деген жанашырлықтан басталады. Әрбір азамат өзінің туған жерінің қадір-қасиетін өскелең ұрпаққа насихаттап, оларды туған жер тарихымен таныстарған абзал.
Осыған орай “Nur Otan” партиясы Түркістан облыстық филиалы мен Түркістан облыстық мәдениет басқармасы бірлесіп Түркістан облысындағы тарихи және киелі орындардың, көне ескерткіштердің бүгінгі жай-күйін зерделеу және оны жұртшылыққа насихаттау мақсатында «Түркістан ғажайыптары» өлкетану экспедициясын ұйымдастырды.
Экспедиция Түркістандағы Қазақ хандығына арналған монументтің маңынан бастау алып, Сауран және Кентаудағы тарихи орындарды аралады. Түркістан облыстық мәдениет басқармасына қарасты «Тарихи-мәдени мұраны қорғау, қалпына келтіру және пайдалану жөніндегі орталық» директоры Жандос Құрбан, осы орталықтың бөлім меңгерушісі Бақытжан Сабаев, өлкетанушы Сейдалы Дүйсебайұлы Созақ ауданының тарихи орындары Қарабура, Баба Түкті Шашты Әзіз, Балықшы әулие, Хақназар хан кесенелерінде болды. Экспедияцияға қатысқан жастар өлке тарихына сусындап, бойларына отанға деген сүйіспеншілікті сіңірді.