Өмірге құштар ақынның кітаптары кітапхана төрінде
Қайырылымдық - айналасындағы жақындарға жақсылық жасаудан басталады. Әсіресе руханият саласын жасаған жақсылықтың берері көп. Руханиятпен сусындап өскен бала - ел болашағын ойлайтын патриот болары анық. Патриот жастар көбейсе елдің намысы жанып, алға басады. Ел қарқынды дамиды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев "Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру" мақаласында руханият саласында көп көңіл бөлу керектігін жазған болатын.
Осыған орай бүгін Бәйдібек ауданы Ақбастау ауылының тұрғыны, жерлесіміз, өмірге құштар ақын, мүмкіндігі шектеулі Эльмира Омарбекованың жарық көрген «Жұмбақтар әлемі», «Жаңылмаған жаңылытпаштар, жаңылмаған шумақтар» және «Жеңіс» атты 140 дана кітабы аудандық орталық кітапхана мен 49 мектепке сыйға тарту етілді. Тағдыр тәлкегін тартқан Эльмира Омарбекованың кітабының жарыққа шығуына аудан әкімі Ержігіт Шәріпбеков ықпал болды.
Ержігіт Шәріпбековтің ұйымдастыруымен қолға алынған шараға кітап авторы ақын Эльмира Омарбекова, аудан әкімінің орынбасары Бағдатбек Жанғазиев пен «NUR OTAN» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Тұрсынәлі Дүйсенбеков арнайы қатысып, аталған кітаптарды орталық кітапхана мен аудандық білім бөліміне тапсырылды.
Ақын Эльмира Омарбекова кітаптарды кітапханаға тапсыру сәтінде жазған өлеңдерін, сөз жұмбақтарын, түрлі тақырыптағы әңгімелерін өскелең ұрпаққа насихаттау мақсатында аталған үш кітаптың жарық көруіне Ержігіт Шәріпбеков, Бағдатбек Жанғазиев, Марат Енжанов пен Ұлан Акимовтардың жеке азамат ретінде қолдау білдіргендігін атап өтіп, алғысын білдірді.
Ақынның кітаптары аудандағы барлық ауылдық және мектептердегі кітапханалар төрінен орын алмақ.