Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде хан көтеру рәсімі өтті

Oinet.kz 19-05-2021 620

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың "Ұлы даланың жеті қыры" атты мақаласында: "Көпшіліктің санасында тарихи үдерістер, негізінен, тұлғаландыру сипатына ие болатыны белгілі. Көптеген халықтар өз елінің ерекше елшісі сынды ұлы бабаларының есімдерін мақтан тұтады. Ұлы дала Әл-Фараби мен Ясауи, Күлтегін мен Бейбарыс, Әз-Тәуке мен Абылай, Кенесары мен Абай және басқа да көптеген ұлы тұлғалар шоғырын дүниеге әкелді. Сондықтан біз біріншіден, атақты тарихи тұлғаларымыз бен олардың жетістіктерінің құрметіне ашық аспан астында ескерткіш-мүсіндер қойылатын «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты оқу-ағарту энциклопедиялық саябағын ашуымыз керек" - деп атап өтіп, ұлы дала дүниеге әкелген тұлғаларды ұлықтауымыз керектігін ескертті.

хан көтеру.jpg

Осы орайда, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде Халықаралық музейлер күніне орай «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің ұйымдастыруымен хан көтеру рәсімі өтті. 

Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде жерленген үш жүздің басын қосқан Абылай ханның қазақ тарихынан алар орны айрықша. Осындай ұлы тұлғаларымызды ұлықтау мақсатында ұйымдастырылған тарихи-танымды қойылымды Р.Сейтметов атындағы Түркістан қалалық сазды-драма театрының әртістері сахналады. Аталмыш қойылым, тұлғалардың өмірі туралы білгісі келген жастардың білім көкжиегін кеңейтуіне тигізер ықпалы зор екені сөзсіз. 

e6b10ceab2150624398ec49a44c9a16b.jpg

- «Әзірет Сұлтан» қорық-музейі аталған театрландырылған қойылым арқылы тарихи шындықты үйлестіруге күш салды. Музейге келушілердің сұранысы бойынша тарихи оқиғаларға қызығатындығын және тарихи тұлғалардың өмірі жайлы білуге құштар екендігін көрсетті. Халық арасында Абылай ханның тарихи тұлғасы кеңінен насихатталатындығын ескерсек, бұл қойылымның жас ұрпақтың отаншылдық санасының жетілуіне, тұлғалық дамуына тигізер пайдасы мол екендігін бағамдаймыз, - деді «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Нұрболат Ахметжанов.

Халықаралық музейлер күніне орай ұйымдастырылған шара соңы "Музей түні" атты экскурсиялық шараға ұласып, оқушылар арасында викториналық сұрақтар жарысы мен асық ату сайысы ұйымдастырылды. 

Ясауи кесенесінде түпнұсқа жәдігер тарихи тұғырына орнатылды
Ардагерлерге құрмет - ерлікке тағзым
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу