Ордабасы төрінде ұлттық дәстүр қайта жаңғырды
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласында: «Іс жүзінде әрбір өңір мен әрбір мемлекет өзінің дербес даму үлгісін қалыптастыруда. Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс» - деп айта келіп, ұлттық құндылықтарымызға асқан жауапкершілікпен қарауды ескертті.
Қазақ халқының ұлттық құндылықтарын сақтау мақсатында Ордабасы ауданында ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Ел іші – өнер кеніші» атты тақырыпта өнер фестивалі басталды. Аталмыш іс-шараны аудан әкімінің орынбасары Нұржан Сүлейменов ашты.
Шара барысында қазақ ұлтының аманаты ретінде танылып келе жатқан қолөнер көрмесі ұйымдастырылып, осы 30 жылдың ішінде ауданның жеткен жетістіктері айтылды. Бірнеше аспап түрлерін меңгерген өнерлі жастар сахнада еркін көсілді. Домбыра, сыбызғының құлағында ойнаған олар әсем-ән мен тәтті күйден шертіп, ортада әдемі би биленіп көрермендердің көңілін марқайтты. Сондай-ақ, ежелден сақталып, бүгінде ұмытыла бастаған «Төркіндеу» дәстүрі сахналанып, жас ақындар Қажымұқан Мұңайтпасұлы туралы өлеңдерін көрініспен көркемдеп жеткізді. Аталмыш шара жыл соңына дейін жалғасын тауып, 16 желтоқсан –Тәуелсіздік күніне орай қорытындыланып, жеңімпаздар арнайы сый-сыяпатпен марапатталмақ.