Көлігіне Z белгісін жазған жүргізуші табылды
OINET.KZ - Нұр-Сұлтан қаласында көлігінің артқы әйнегіне саяси белгіні жазған жүргізуші табылды. Оған бұл әрекеті үшін айыппұл салынды.
Мұндай белгі Украинаға кірген Ресейдің әскери техникасына қойылған.
Нұр-Сұлтан қалалық ПД баспасөз қызметкерлерінің хабарлауынша Toyota Corolla автокөлігінің жүргізушісіне әкімшілік кодекстің 590-бабы, 5-бөлімі (Көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзу) бойынша хаттама толтырылған. 5 АЕК, яғни 15315 теңге мөлшерінде айыппұл салынған және белгі толық өшірілген.
Еске сала кетсек, Елорда көшесінде "Z" белгісін жапсырған көлік жүргізушісінің әрекеті әлеуметтік желіде тараған болатын. Жұрт жүргізушінің мұндай әрекетіне наразылығын білдірді. Осыдан кейін полиция оны іздеуге кіріскен болатын.