Сауран ауданында әлеуметтік саланың өзекті мәселелері талқыланды
Сауран ауданында денсаулық сақтау мен білім беру саласының жай-күйі, ауылдық елді мекендердің дамуы және тұрғындарды толғандырған мәселелер бойынша бірқатар кездесу өтті.

Басқосуларға «Әділет» партиясы аудандық филиалының төрағасы Сағынбек Асылбеков, Түркістан облыстық мәслихаты депутаттығына кандидат Баймахан Тоймаханұлы Сүлейменов және өзге де өкілдер қатысты.
Алғашқы кездесу Шаға ауылдық округінің емханасында медицина қызметкерлерімен ұйымдастырылды. Жүздесу барысында ауыл тұрғындарына көрсетілетін медициналық көмектің сапасы, алғашқы медициналық-санитариялық қызметтің қолжетімділігі, медициналық мекемелердің материалдық-техникалық жағдайы және мамандарды қолдау мәселелері сөз болды.
Медицина қызметкерлері күнделікті жұмыс барысында кездесетін қиындықтарды айтып, денсаулық сақтау жүйесін жетілдіруге қатысты өз ұсыныстарын жеткізді. Өз кезегінде қатысушылар ауылдық медицинаның әлеуетін арттыру, заманауи инфрақұрылымды дамыту және тұрғындарға сапалы қызмет көрсету қажеттігіне тоқталды.

Білім беру саласындағы мәселелер Ойық және Жаңа Иқан ауылдарындағы мектеп ұжымдарымен өткен кездесулерде талқыланды. Басқосуларда Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген міндеттер, адами капиталды дамыту, білім мен ғылымның сапасын арттыру және ауылдық жерлердің әлеуметтік әлеуетін нығайту тақырыптары қозғалды.
Мектеп қызметкерлері де пікірлерін ортаға салып, білім беру ұйымдарының жұмысын жетілдіруге қатысты мәселелерді көтерді. Қатысушылар ауыл мектептерінің қоғам өміріндегі маңызына тоқталып, ел дамуы үшін сапалы білім мен білікті мамандар даярлаудың қажеттігін атап өтті.
Кездесулер барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылғы 28 қазандағы «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауында қамтылған басым бағыттарға да назар аударылды. Атап айтқанда, экономиканы дамыту, әлеуметтік қызметтердің сапасын жақсарту, өңірлер арасындағы даму теңгерімін сақтау және халықтың өмір сүру деңгейін көтеру мәселелері талқыланды.
Жаңа Иқан ауылындағы жүздесуде азаматтық белсенділік пен сайлау науқанына қатысу мәселесі де сөз болды. Қатысушыларға әр азаматтың өз таңдауын саналы түрде жасауының маңызы түсіндірілді.

Жалпы, аудан көлемінде өткен кездесулердің негізгі мақсаты – тұрғындармен тікелей байланыс орнатып, әлеуметтік салалардағы түйткілдерді анықтау және оларды шешу жолдарын талқылау. Мұндай ашық пікір алмасулар жергілікті жерлердегі нақты қажеттіліктерді ескеруге және ел дамуына қатысты міндеттерді халықпен бірлесе қарастыруға мүмкіндік береді.


