Әккілердің әрекетіне тосқауыл бар

Oinet.kz 25-04-2026

image.png

Қазіргі таңда интернет адам өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Біз күнделікті төлем жасап, сауда жасап, жұмыс істеп, тіпті жеке мәліметтерімізді де онлайн кеңістікте сақтаймыз. Алайда осы мүмкіндіктермен қатар жаңа қауіптер де пайда болды. Соның ең қауіптісі – интернет-алаяқтық. Бұл құбылыс жыл сайын кеңейіп, жаңа тәсілдермен жетіліп келеді. Сондықтан әрбір азамат цифрлық қауіпсіздік (киберқауіпсіздік) туралы терең түсінікке ие болуы тиіс. Интернет-алаяқтық – бұл ақпараттық технологияларды пайдалану арқылы бөтеннің мүлкін немесе ақшасын алдап алу. Мұндай қылмыстардың ерекшелігі – қылмыскер мен жәбірленуші бір-бірін көрмейді, ал байланыс көбіне телефон, мессенджер немесе әлеуметтік желілер арқылы жүзеге асады. Осы себепті адамдар оңай сеніп қалып, өздері байқамай алаяқтардың құрбанына айналады.

Фишинг, вишинг, смишинг, фарминг, уэйлинг, спуфинг осының барлығы интернет-алаяқтарының қолданатын тәсілдері.

     Белең алған қылмысқа тосқауыл қою жолдары «Қауіпсіз ел» ұлттық жобасында қарастырылған. Жобада киберқылмыспен күрес шараларын күшейту тапсырылған болатын. Сондай-ақ бұл мәселеге Мемлекет басшысы да ерекше назар аударып отыр.  Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында: «Интернет жəне телефон арқылы жасалатын алаяқтық əрекеттерге айрықша назар аудару керек. Құқық қорғау органдары мұндай қатерлерді анықтап, қылмыскерлерді құрықтау үшін ақпараттық-сараптама жұмысын күшейтуі қажет. Сондай-ақ азаматтардың құқықтық жəне қаржылық сауатын жүйелі түрде арттырған жөн», деген болатын.

      Халқы тығыз орналасқан Түркістан облысында халықтың киберқауіпсіздігін  арттыру және интернет алаяқтарға қарсы күрес шаралары қарқынды жүзеге асырылып келеді. Өңірде жақында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимыл жасау мақсатында республикалық “Антифрод” жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді. Жыл басынан бері облыс аумағында интернет-алаяқтықтың 154 фактісі тіркелді, сонымен қатар жәбірленушілерге 220 миллион теңге көлемінде келтірілген шығын өтелді.

Іс-шара барысында бұрын жасалған 42 қылмыс ашылып, интернет-алаяқтыққа қатысы бар 89 тұлға анықталды. Бір ұйымдасқан қылмыстық топтың әрекетіне тосқауыл қойылып, қылмыстық іс сотқа жолданды. Сондай-ақ заңсыз қаржылық операцияларға қатысы бар 239 тұлға, яғни “дропперлер” анықталды, олардың 19-ына қатысты қылмыстық істер қозғалды. Бұдан бөлек, «активатор» қызметін атқарған 1 адам жауапкершілікке тартылып, одан қылмыстық схемаларда пайдаланылған 150 SIM-карта тәркіленді. Интернет кеңістігін мониторингтеу нәтижесінде 240 заңсыз контент бұғатталды.

“Есіктен есікке” қағидаты бойынша жүргізілген ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстары барысында 181 260 үй қамтылып, 983 мыңнан астам азаматқа ескерту жасалды. Білім беру ұйымдарында заманауи цифрлық мүмкіндіктерді пайдалана отырып онлайн-тестілеу ұйымдастырылып, оған 200 мыңнан астам оқушы, 56 мың студент және 86 мың педагог қатысты.

Сонымен қатар профилактикалық материалдар облыс бойынша 50 LED-экран мен 64 билбордта орналастырылуда.

Мамандардың айтуынша соңғы уақытта ең жиі кездесетін алаяқтық түрлерінің бірі – жалған банк қызметкерлерінің қоңырауы. Алаяқтар өздерін банк қызметкері ретінде таныстырып, “сіздің шотыңызға күмәнді операция жасалды” немесе “біреу сіздің атыңыздан несие рәсімдеуге тырысуда” деп қорқытады және өзіне керекті мәліметтерді айтуға асықтырады. Адам қорыққаннан кейін олардың айтқанын орындап, карта нөмірін, CVV кодын немесе SMS арқылы келген құпия кодты айтып қояды. Нәтижесінде есепшоттағы ақша әп-сәтте жоқ болады.

Тағы бір кең таралған тәсіл – фишинг. Бұл – жалған сайттар арқылы мәлімет ұрлау әдісі. Алаяқтар танымал интернет-дүкендердің немесе банктердің көшірмесін жасап, пайдаланушыларды сол сайтқа кіргізеді. Сырттай қарағанда бәрі шынайы сияқты көрінеді. Алайда сіз логин, пароль немесе карта деректерін енгізген сәтте бұл ақпарат алаяқтардың қолына түседі.

Әлеуметтік желілердегі алаяқтық та ерекше қарқын алған. “Жеңіл табыс”, “инвестицияға ақша сал да, тез пайда көр”, “арзан бағамен iPhone сатамын”, “криптовалюта айырбастаймын”, “жүргізуші куәлігін алып беремін” деген жарнамалар көпшілікті қызықтырады. Әсіресе жастар мен интернетті белсенді пайдаланатын азаматтар осындай ұсыныстарға жиі алданады. Алаяқтар алдын ала төлем сұрап, кейін байланысқа шықпай қояды.

Сонымен қатар, мессенджерлерде таныстардың атынан ақша сұрау жағдайлары жиілеген. Алаяқтар адамның аккаунтын бұзып, оның достарына “шұғыл ақша керек, кейін қайтарамын” деп хабарлама жібереді. Көп жағдайда адамдар тексерместен ақша аударып жібереді.

Интернет-алаяқтықтың тағы бір қауіпті түрі – жалған инвестициялық платформалар. Олар адамдарға “аз уақыт ішінде үлкен табыс табуға болады” деп уәде береді. Бастапқыда аз мөлшерде пайда көрсетіп, сенімге кіреді. Кейін үлкен сомада ақша салуға көндіріп, ақырында барлық қаражатты иемденіп кетеді.

Осындай қауіптердің алдын алу үшін әрбір азамат қарапайым, бірақ маңызды ережелерді сақтауы қажет. Біріншіден, ешқашан өзіңіздің жеке және қаржылық мәліметтеріңізді бөгде адамдарға бермеңіз. Екіншіден, күмәнді сілтемелерге өтпеңіз және белгісіз сайттарға деректер енгізбеңіз. Үшіншіден, тек ресми қосымшалар мен сенімді платформаларды пайдаланыңыз. Төртіншіден, барлық маңызды аккаунттарға екі факторлы қорғаныс (двухфакторная аутентификация) орнатыңыз. Бұл сіздің қауіпсіздігіңізді бірнеше есе арттырады.

Егер сізге күмәнді қоңырау келсе, сабыр сақтап, әңгімені тоқтатыңыз. Банк қызметкерлері ешқашан телефон арқылы құпия кодтарды сұрамайды. Қажет болған жағдайда банктің ресми нөміріне өзіңіз хабарласыңыз. Ал егер сіз алаяқтардың құрбаны болсаңыз, дереу банкке хабар беріп, шотыңызды бұғаттаңыз және құқық қорғау органдарына арыз жазыңыз.

Қазіргі қоғамда цифрлық сауаттылық – аса маңызды дағды. Интернеттегі қауіптерді білу және олардан қорғана алу – әрбір азаматтың міндеті. Себебі алаяқтар күн сайын жаңа тәсіл ойлап табуда, ал оларға қарсы ең тиімді қару – бұл ақпарат пен сақтық.

Қорытындылай келе, интернет – үлкен мүмкіндік алаңы болғанымен, ол қауіпсіз орта емес. Әрбір жасалған қадамға мұқият қарап, кез келген ұсынысты тексеріп отыру қажет. “Сақтансаң – сақтайды” деген қағида бүгінгі күні бұрынғыдан да өзекті. Өз қаражатыңыз бен жеке мәліметтеріңізді қорғау – өзіңіздің қолыңызда.

Полиция ескертеді: сақтық – қауіпсіздіктің басты кепілі. Жеке деректеріңізді бермеңіз, күмәнді сілтемелерге өтпеңіз және желідегі бейтаныс адамдарға сенбеңіз. Егер сіз интернет-алаяқтықтың құрбаны болсаңыз, дереу “102” нөміріне хабарласыңыз дейді сала мамандары.

Цифрлық қауіпсіздік: Түркістанда маңызды кездесу өтті
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру – негізгі басымдық
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу