Түркістанда мыңнан аса ағаш егілді
19 наурыз – Жаңару күні аясында Түркістан қаласында ағаш егу шарасы өтті.
Облыс орталығындағы «Жібек жолы» саябағында ұйымдастырылған бұл маңызды шараға Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы, жауапты басқарма өкілдері, түрлі мекеме қызметкерлері, зиялы қауым мен БАҚ өкілдері, сондай-ақ «Жасыл Түркістан» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің қызметкерлері мен қала тұрғындары қатысты.
Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы мен Түркістан қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен шараға жалпы 1000-нан астам адам қатысып, саябақ алаңын ағаш көшеттерімен көгалдандырды. Сонымен қатар, ағаш егу жұмыстары облыс орталығындағы басқа да орындарда жүргізілуде. Мәселен, «Қылует» мешіті, Шекті Тілеу көшесі және Төле би саябағы аумағында ағаш, бұта мен гүл көшеттері отырғызылып жатыр. Осылайша, қала аумағын жасыл желекпен көмкеру үшін 10 мыңнан астам түп көшет егілмек.
Биыл көктем және күз айларында Түркістан қаласында жалпы 197 010 ағаш, 365 144 бұта мен гүл көшетін отырғызу жоспарланған. Облыс әкімдігі және табиғи ресурстар басқармасы тарапынан көктемгі кезеңде 111 260 түп ағаш көшеті, 92 661 бұталы ағаш және көпжылдық гүлдер егілсе, қала бюджеті есебінен 85 750 түп ағаш, 272 483 бұта және гүлдер отырғызылады.
Наурыз мейрамына орай облыс көлемінде көктемгі ағаш егу дәстүрі жалғасуда. Ағаштардың көпшілігі жергілікті климатқа бейімделген терек, қарағаш, айлант, қарағай, үйеңкі, арша, сириялық раушан, шаған және жеміс ағаштары.