«Ырыс алды – ынтымақ» қоғамдық форумы өтті
Сауран ауданында алғаш рет ішкі саясат бөлімінің бастамасымен «Ырыс алды - ынтымақ» қоғамдық форумы аясында «Ынтымақ, бірлік, келісім - ең асыл бақыт ел үшін!» атты тақырыпта жиын болып өтті.
Форумға аудан әкімінің орынбасары Бақытжан Букебаев, Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» мекемесі басшысының орынбасары Ерназар Баетов, зиялы қауым, жастар, этнос және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
“Ырыс алды - ынтымақ” қоғамдық форумы Оңтүстік Қазақстан облысы кезінде бастау алған болатын. Міне, бүгін осы форум Сауран ауданында алғаш рет өткізіліп отыр. Ауданда 10-нан астам этнос өкілдері тату-тәтті өмір сүреді. Этнос өкілдері бір шаңырақ астында тірлік жасап, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлестерін қосып келеді. Жиында аудан әкімінің орынбасары Бақытжан Букебаев сөз сөйледі.
“Тарихи топырақта бой көтерген Сауран ауданының құрылғанына да 2 жылдан аса уақыт өтті. 2021 жылдан бастап, өзбек этно-мәдени бірлестігімен қатар, Ассамблея жанындағы «Ақсақалдар кеңесі», «Аналар кеңесі», облыстық «Қоғамдық келісім» мекемесінің аудандық филиалы құрылып, этносаралық татулықты нығайтуда белсенді жұмыс атқарып келеді.
Ауданда 10-нан астам этнос өкілдері тұрады. Этнос өкілдерінің қатысуымен жыл басынан бері көптеген мәдени-спорттық іс-шаралар өткізілді. Өткізілген іс-шаралар этносаралық келісімді сақтауда серпін береді. Қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылық - біздің ең маңызды байлығымыз! Бұл жетістікті бағалау, оны сақтау жолында аянбай еңбек ету әрбір Қазақстан азаматының міндеті болып табылады”, - деді Бақытжан Кеңесбекұлы.
Сонымен қатар, басқосуда облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы аудандық Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Оразбек Әміреев, Түркістан облысының қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ басшысының орынбасары Ерназар Баетов, аудандық өзбек этно-мәдени бірлестігінің төрағасы Құрманбай Рысбеков, аудандық Ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Төлеубай Оспанов, аудандық Ақсақалдар алқасының төрағасы Балтабай Жарылқасынов, аудандық мәслихаттың депутаты Хуршид Шарапов күн тәртібіндегі тақырып аясында ой-пікірлерін ортаға салды.
Форумда көптеген ұсыныс-пікірлер айтылып, назарға алынып, жандандыру бағытында жұмыс жалғасатын болды. Жиында этносаралық татулықты сақтауда үлес қосқан бір топ азаматтар аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Сауран ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі