«Түркістан-Шәуілдір» бағытындағы жол толық қайта жөндеу өтіп жатыр
Түркістан облысы құрылғалы өңірдегі күре жолдардың барлығы жөндеуден өткізіліп жатыр. Соның ішінде маңызды жобалардың бірі – «Түркістан-Шәуілдір» бағытындағы жол.
Жалпы ұзындығы 64 шақырымдық облыстық маңызы бар автомобиль жолы бүгінде толық қайта жөндеуден өтуде.
Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлфұхар Жолдасов, Түркістан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Қуатжан Жұматаев аталған нысандардың құрылыс-жөндеу жұмыстарымен танысты. Сапар барысында жолдың сапасына баса көңіл бөлу керектігін ескертіп, құрылыс жұмыстарын мерзімінде аяқтау қажеттігін тапсырды.
Нысанның құрылыс-жөндеу жұмыстары 4 бөлікке бөлініп, кезең-кезеңмен іске асырылып келеді. Бүгінгі таңда, Шәуілдір елдімекенінен Түркістан қаласы бағытына қарай 35 шақырым аралықта жолды кеңейту жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, жол бойындағы су өткізгіш құбырлар мен көпірлер қайта жөндеуден өтіп, жолдың ені 2 жолақтыдан 4 жолақтыға дейін кеңейтілуде. Яғни, жолдың ені 8 метрден 15 метрге дейін ұлғайтылған.
Қайта құру жұмыстарын «АлемТрансЖол» ЖШС және «Отау-Строй» ЖШС мердігер мекемелері жүргізіп жатыр. Аталған жолды 2024 жылы пайдалануға беру жоспарланған.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі