«Өнерлі өлке»: Төлебиліктер ерекше көңіл-күй сыйлады

Oinet.kz 17-04-2023 260

44.jpg

Түркістан облысының құрылғанына 5 жыл толуына орай «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі бастау алған болатын. Фестиваль аясында үш күн бойы Төлеби ауданының мәдениет күндері аталып өтті.

Фестивалдің алғашқы күнінде Этноауылда «Ұлт қазынасы» атауымен асық ату, ләңгі ойнау, арқан тарту, кір тасын көтеру секілді ұлттық спорттық ойындардан жарыс өткізілді. Содан соң ақындар айтысы мен дәстүрлі әншілердің ән шеруі өтті. Бұдан бөлек, «Алтыбақан» ойын-сауық отауы аясында «Сақина салу», «Соқыр теке» ойыны ұйымдастырылып, «Ұлттық дәстүр – тәрбие көзі» тақырыбы аясында «Беташар» дәстүрі көрсетілді. «Қасиетті де, киелі қолөнерім» шарасында ақ әжелердің жүн түту, сабау, ұршық иіру, құрақ құрау сынды қолөнерге қатысты көрініс көпшіліктің назарына ұсынылды.

Шараның екінші күнінде Этноауылда «Киелі жерім, атамекен – Жерұйығым» атауымен қылқалам және қолөнер шеберлерінің көрмесі өтті. Жас суретшілер сол мезетте сурет салып, көпшілікті тәнті етті. Сондай-ақ облыстық «Фараб» кітапханасында төлебилік кітапханашылардың қатысуымен «Кітап Travel – 2023» акциясы аясында «Шежірелі өлкеден рухани Темірқазыққа» іс-шарасы ұйымдастырылды. 

Үш күнге жоспарланған өнер мерекесін Төлеби ауданы өнерпаздарының қатысуымен өткен Гала-концерт қорытындылады. Алдымен «Төле бидің ұлына келін таңдауы» көрінісі сахналанып, аудандық, қалалық саз мектебінің ұлт-аспаптар оркестрі сүйемелдеуімен ән шырқалып, «Ақсу – Ару» би ансамблі мың бұрала биледі. Концерттік бағдарламадан соң Төлеби ауданы әкімінің орынбасары Сержан Дүйсебаев ауданның Түркістандағы мәдениет күндеріне атсалысқан барша өнерпаздарға алғысын білдіріп, көпшілікті осынау мерекемен құттықтады.

Айта кетейік, аталған фестиваль шілде айының соңына дейін жалғасатын болады. Әрі қарай 4 ай бойы аудан-қалалар осылайша апта сайын өнерлерін көрсетеді деп жоспарланып отыр. Келесі кезекте өнер фестивалін Ордабасы ауданының өнерпаздары жалғастырады.

Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі


Кәсіпкерлікті қолдауға қайтарымсыз грант беріледі
«Өнерлі өлке»: Қылқалам шеберлерінің көрмесі өтті
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу