«Өнерлі өлке»: Қылқалам шеберлерінің көрмесі өтті

Oinet.kz 16-04-2023 228

45.jpg

Бүгін Түркістанда облыстың 5 жылдығына орай ұйымдастырылған «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі аясында Төлеби ауданының мәдениет күндері өтіп жатыр. 

Шараның екінші күнінде Этноауылда күні бойы «Киелі жерім, атамекен – Жерұйығым» атауымен қылқалам және қолөнер шеберлерінің көрмесі өтті. Жас суретшілер сол мезетте сурет салып, көпшілікті тәнті етті. Ерекше бұйымдарды тамашалаған қала тұрғындары мен қонақтары оң бағасын беріп жатты. 

Сондай-ақ облыстық «Фараб» кітапханасында төлебилік кітапханашылардың қатысуымен «Кітап Travel – 2023» акциясы аясында «Шежірелі өлкеден рухани Темірқазыққа» іс-шарасы ұйымдастырылды. Аталмыш шараны Төлеби ауданы әкімінің орынбасары Сержан Дүйсебаев пен кітапхана басшысы Жанат Шардарбекова ашып берді.

Күні кеше Этноауылда «Ұлт қазынасы» атауымен асық ату, ләңгі ойнау, арқан тарту, кір тасын көтеру, т.б. ұлттық, спорттық ойындардан жарыс ұйымдастырылған болатын. Содан соң ақындар айтысы, дәстүрлі әншілердің ән шеруі өтті. «Алтыбақан» ойын-сауық отауы аясында «Сақина салу», «Соқыр теке» ойыны ойнатылды. «Ұлттық дәстүр – тәрбие көзі» тақырыбы аясында «Бет ашар» дәстүрі көрсетілді. «Қасиетті де, киелі қолөнерім» шарасында ақ әжелердің жүн түту, сабау, ұршық иіру, құрақ құрау сынды қолөнерге қатысты көрініс көпшілік назарына ұсынылған болатын.

Төлеби ауданының мәдениет күндері үш күнге жоспарланған. Атап айтсақ, Ал ертең, 16 сәуір күні 18:00-де Төлеби ауданы өнерпаздарының қатысуымен өтетін Гала-концерт ауданның Түркістандағы мәдениет күндерін қорытындылайтын болады. Әрі қарай 4 ай бойы аудан-қалалар осылайша апта сайын өнерлерін көрсетеді деп жоспарлануда. Келесі кезекте Ордабасы ауданының өнерпаздары жалғастырады.

Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі


«Өнерлі өлке»: Төлебиліктер ерекше көңіл-күй сыйлады
Әлеуметтік қызмет көрсету орталығы ашылды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу