Еділ Ермекбаев: Оператор жүз пайыз шығармашылықтың адамы

Oinet.kz 22-04-2022 2734

Телеарналардан біз бен сіз күнделікті қалт жібермей көретін жаңалықтарды әзірлеуде тілшілерден  өзге көзге көрінбейтін мамандық иелерінің еңбегі бар. Соның ішінде оператордың қызметі  аса жауапты іс. Жақсы кадр үшін от пен судың ортасына түсіп, ұрымтал тұсты қалт жібермеуге тырысатын, журналисттен кейінгі жаңалық жаршысына айналған телеоператор мамандығының қызығы мен қатар өзіндік қиындығы да жетерлік. Мұны біз  27 жылдық  тәжірибесі бар «Хабар» Агенттігінің операторы Еділ Ермекбаевпен әңгімелесу барысында сезіндік. 

Screenshot_23.jpg

- Еділ Шуақбайұлы, телеарнадағы қызметіңіз қалай басталды?

-  Менің  телевизия саласына жолымды ашып берген Шерағаң болатын.  Алматы қаласының «Жеңіл өнеркәсіптік және тұтынушылық қызметтер техникумында» фототехнолог мамандығы бойынша оқып жүрген кезім еді. Үшінші курста  Шерхан Мұртаза ағамыздың арқасында еліміздегі тұңғыш әрі сол кездегі жалғыз «Қазақстан» телеарнасына жұмысқа тұрдым.  Ол 1993 жылы болатын. Шерағаң сол телеарнаның төрағасы еді. Бала күнімде фотоаппартпен суретке түсіргенді ұнатуым, техникаға ебімнің болуы  республиканың басты арнасында жұмысты алып кетуіме септігін тигізді.  Мамандыққа деген қызығушылығым мені көп ізденуге, еңбектенуге жетеледі. 17 жасымда алғаш қолыма кәсіби камера ұстап,  телеарнаның қыз-қыз қайнаған тіршілігіне еніп кеттім. «Таңшолпан» бағдарламасының түсірілім тобында қызмет еттім.  Ұжымда қазақ жігіттерінен 4-5 қана оператор болатын. Бір-бірімізге арқа сүйедік,  жетеледік, білгенімізбен бөлістік.  1995 жылы  Қайрат Атагелдиев, Хасен Омарқұлов, Мұхит Құдықбаев және төртінші оператор  мені  «Хабар» телеарнасының жаңалықтар бөліміне  шақырды. Ұсынысты қабыл алдық.  Алғашқы жылдары 4 оператор, 2  жарық қоюшы,  2 инженер болып  жұмысты бастап кеттік. Таспагерлердің ішінде жасы кішісі мен болдым.  Әлі есімде BHS маркалы сұр камера маған бұйырды. «Тәй-тәй» басып келе жатқан телеарнамен бірге біз де тәжірибе жинап, тәуелсіздікпен бірге көгердік. Жүзден аса мемлекетке барып, тарихи оқиғаларды таспаладық. Қазіргі таңда «Хабар» Агенттігінің «Телевизиялық журналистік комплекс» бөлімінде Алматы, Нұр-Сұлтан және басқа да аймақтарды қосқанда жалпы саны 110 қызметкер жұмыс істейді. 

- Президенттік пулда жұмыс істеу үлкен жауапкершілік екені айтпаса да түсінікті. Мемлекет басшысының қатысуымен өтетін шараларды түсіру қиын болды ма?

- 2005 жылдың көктемінде телеарнаның жаңалықтар қызметінде маңызды өзгеріс болды. Алғаш рет ресми түрде президенттік пул құрылды. Яғни тек Президенттің қызметін жариялайтын журналистер мен операторлар тобы жасақталды. Бұған  дейін Президент пулы деген ұғым қазақ телевизиясында болған емес. Мемлекет басшысының қызметін жариялауға бәрі бірдей жұмылатын. Сол алғашқы пулдың қатарында мен де болдым. Елбасының жұмыс сапары өте тығыз болатын. Бір жылдары өзім санап көрдім, 360 күннің 250-ін іссапарда болдым. Екі түсірілім тобы болса, бір-бірімізді көрмейміз.. Елбасының қатысуымен өткен тарихи сәттерді мүлт жібермеуге тырыстым. Себебі, біздің жұмысымызда кадрлар бәрін шешеді. Бүгінгі түсірілген бейнематериал ертеңгі тарихтың куәсі. 

Әр түсірілімге үлкен дайындықпен барасың. Елбасының қатысуымен өткен әрбір түсірілім емтихан тапсырғанмен тең.  Кез келген журналист, оператор  үшін президенттік пулда жұмыс істеу – бұл үлкен жауапкершілік. Бұл нағыз шыңдалатын орта.  Пулда жүріп 1997 жылы ел астанасының ауысуына байланысты Астанаға келген мәжіліс депуттарын күтіп алу, Президенттің бас қаладағы бой көтеріп жатқан объектілерді аралауы, шетелдік маңызды тұлғалармен кездесу, түрлі саяси жиындар сияқты тарихи сәттердің куәгері болдым. 

- Оператор техникалық мамандық па әлде шығармашылықтың адамы ма?

- Оператор және жарық коюшылар жүз пайыз шығармашылықтың адамы. Себебі оқиғаны көрерменге камера арқылы жеткізе білу – үлкен шеберлік. Әр  сюжет қайталанбайтын туынды. Онда автордың қолтаңбасы болады. Мәселен ширек ғұмырын телевизия саласына арнаған оператор Ағабек Қазанбай ағамыздың сюжетін мың сюжеттің ішінен танимын. 

- «Оператор журналисттің көлеңкесінде қалып қояды, жұмысы еленбейді» деген секілді сөздерге ренжімейсіз бе? 

- Кейде жұмысымыздың тасада қалып қоятыны рас. Әрине еңбегіміз еленсе дейміз. Алайда оған ренжімеймін. Көрермен атымызды атап түсімізді түстемесе де еткен еңбегімізді тамашалап жүр. Оператор үшін одан асқан бақыт жоқ. 

- 30 жылға жуық тәжірибеңізде  журналистпен көзқарасыңыз тоғыспай қалған тұстары болды ма? 

- Журналист пен оператор бірін-бірі толықтырып отыратын мамандар.Екеуі өзара түсініскен жағдайда ғана жұмыс сәтті шығады. Мен осы күнге дейін марқұм досым Бейсен Құранбек, Александр Аксютиц, Арман Балтабаев сынды журналистермен бірге көп жұмыс істедім. Керісіп, келіспей қалған кезіміз болған емес. «Мен журналист, сен оператор» деген сыңайлы төмендетушілік жағдалар орын алмапты. Керісінше бір-бірімізді толықтырып отыруға тырыстық.  

- Жоғарыда бір сөзіңізде кезінде қазақтың оператор жігіттері аз болды деп қалдыңыз. Ал қазір ше? Бұл мамандыққа қызығушы жастар көп пе? Кадр тапшылығы сезілмей ме?

- Қазақстанда оператор мамандығын даярлайтын бірнеше оқу орындары бар. Бізге  Т.Жүргенов атындағы өнер академиясы, Шабыт университетінің түлектері келіп тұрады. Сондықтан кадр тапшылығы жоқ. Бір айта кетерлігі «Хабар» арнасында операторлық мектеп қалыптасқан. Дипломы бар немесе жоқ болсын бізге келген жас маманға өзіміз таспагерліктің қыр-сырын үйретеміз. Алғашқыда жарық қоюшыдан бастайды. Әрмен қарай операторлыққа баулимыз. Телеарнада жұмыс істеп жатқан жас жігіттердің көбісі ауылдан шыққан қарапайым қазақтың қара домалақ ұлдары. Сол себепті жастардың қызығушылығы бар деп айтуға болады. 

- Операторлық кәсіпті игерген нәзік жандылар көп пе? 

- Бізге Көкшетаудан Гүлмира деген қыз келді. Алғашқыда қызығушылығы жоғары болатын. «Аға мен үйреніп кетемін, сюжет түсіремін» деп құлшынып тұрған. Екі айдан соң басқа жұмысқа ауысып кетті. Шыдамаған болуы керек.  Менің ойым бұл жұмыс қыз балаға ауыртпашылығын түсіреді. Камера, штативті көтеріп жүруді айтпағанда оператор кез-келген  жағдайда жұмысын жалғастыра алуы қажет. Су кешіп те, оттың арасында жүріп те кадр жинауың керек. Кейде ұйқың да қанбайды. Таспагер болу үшін шығармашалық қабілеттен бөлек физикалық күш, төзімділік  керек. Осындай сынақтарға дайын болса нәзік жандыларға неге оператор болмасқа?!  

- От пен оқтың ортасында жүріп, таспаға түсірген кездеріңіз болды ма? Кешегі «қаңтар қырғыны» кезінде қайда жүрдіңіз? 

- 4-ші қаңтар күні  журналист Талғатбек Әбдіқожа екеуміз Алматыға келіп, түсірілімді бастадық. Үрей құшағындағы елге сенімді, шынайы ақпараттарды лезде жеткізіп отырдық. У-шу, көшеде сабылған адамдар, қираған ғимарттар, түтеген мекемелер... Мұндай сұмдықтың ортасында жұмыс істеу оңай болмады. Сенесіз бе, астаң-кестеңі шыққан ару шаһардың тұрғындарымен бірге табиғат та  күңіреніп тұрды. 12-ші қаңтарға дейін аспан түнеріп, күннің жылт еткен көзі шықпады.  Мен мұндай қырғынды Душанбе, Ош, Джалал-Абад, Бішкек,  таулы Бадахшан қалаларында көргенмін. Камерам талай қақтығыстардың ортасында жүріп кадр жинаған. Бірақ өзімнің туған қалам Алматыда мұндай жағдай орын алады, автомат асынған адамдардың арасында жүріп түсірілім жасаймын деген ой  үш ұйықтасам түсіме кірмепті. Қираған Алматыны көріп жүрегімнің ауырғаны рас.

- Камераңызға ілікпеген кадрлар бар ма? Тағы не түсіргіңіз келеді?

- Қазір көбінесе жастарды осы салаға үйретумен айналысамын. Арасында түсірілімге шығып тұрамын. Өйтпесем ауырып қаламын. Камера менің серігім. Оператор ешқашан болдым, толдым демеу керек. Өмір бойы ізденген дұрыс. Өз басым эксперимент жасаудан қорықпаймын. Бүгінге дейін жаңалықтар бөлімінде қызмет етіп келдім.

Алдағы уақытта  «Хабар» агенттігінің ішінен кино түсіру бөлімін ашып,  заманауи техникалармен жабдықтап,  мамандарды  бейімдеп, сапалы туындыларды ел назарына ұсынсақ деймін. Көркем туынды, тарихи тұлғаларымыз туралы деректі фильм, сериалдарды Discovery Channel, National Geographic телеарнасының туындылары секілді  жаңаша бағытта түсіргім келеді. 

- Сұхбат үшін рахмет!

Cұхбаттасқан Айнұр АСАНҚЫЗЫ

Бердалы Оспан: Қазақ есімдері аспандағы жұлдыздардан да көп
Әділбек Ыбырайымұлы: Мені үлкен өмірге бейімдеген интернат
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу